Иран президентінің ұшағы бағытын өзгертті: Тегеранда әуе қорғанысы іске қосылған

Иран президентінің ұшағы бағытын өзгертті: Тегеранда әуе қорғанысы іске қосылған
Фото-коллаж: abcmedia.am

Иран президенті Масуд Пезешкиан мінген ұшақ Қырғызстаннан қайтар жолда бағытын өзгертіп, елдің солтүстігіндегі Решт қаласының Сардар-е Джангаль халықаралық әуежайына қонды. Бұл туралы ирандық БАҚ хабарлады.

Ұшақ бортында Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен спорт және жастар министрі Ахмад Доньямали да болған.

Бірқатар ирандық ақпарат құралдары бағыттың өзгеруін Тегеранның шығыс бөлігінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің іске қосылуымен байланыстырды. Mehr агенттігінің хабарлауынша, 1 қыркүйек кешінде Иран астанасының шығысында әуе қорғанысы жүйелері белсенді жұмыс істеген.

Израильдің 12-арнасы Иран президентінің ұшағы шұғыл қонды деп хабарлады.

Алайда Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі бұл ақпаратты растамады. Агенттік ұшақтың Решт қаласына қонуын Қырғызстаннан қайтар жолдағы қысқа аялдама деп сипаттады.

IRNA мәліметінше, президент ұшағы әуежайда бірнеше сағат тұрған. Осы уақыт аралығында Гилян провинциясының губернаторы Хади Хакшенас Масуд Пезешкианға өңірдегі жағдай мен елді қажетті тауарлармен қамтамасыз ету шаралары туралы баяндаған.

Сондай-ақ губернатор провинцияның сауда, көлік және логистикалық мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берген.

Әзірге Иран билігі президент ұшағының шұғыл қонғанын ресми түрде растаған жоқ. Ұшақтың не себепті бастапқы бағытын өзгерткені де нақты айтылмады.