Еуропаға теңіз арқылы жетпек болған ондаған мигрант қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Euronews мәліметінше, Жерорта теңізіндегі Лампедуза аралы маңынан мигранттар отырған қайық табылып, кемінде 19 адамның көз жұмғаны анықталды. Тағы бес адамның жағдайы ауыр.
Құтқарушылар қайықты халықаралық суда, Лампедуза аралынан шамамен 160 шақырым қашықтықта байқаған. Бортта барлығы 77 адам болған. Құтқару тобы жеткен кезде кейбірі қайтыс болып үлгерген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар суыққа тоңып және қайық ішінде жиналған жанармай буларынан уланған.
Лампедуза - Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтуді көздейтін мигранттар үшін негізгі бағыттардың бірі. Халықаралық көші-қон ұйымының дерегіне сәйкес, жыл басынан бері осы бағыттың орталық бөлігінде 600-ден астам адам қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1300-ден асқан.
Тағы бір қайғылы оқиға Эгей теңізі аймағында, Түркияның Мугла провинциясы жағалауында болды. Онда үрлемелі қайық аударылып, тағы 19 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында бір бала бар.
Түркия жағалау күзетінің мәліметінше, қайық патруль талабына тоқтамай, жоғары жылдамдықпен қашуға әрекеттенген, кейін аударылған. Кемінде 20 адам құтқарылды.
Билік өкілдері қайықтағы барлық жолаушының Ауғанстан азаматтары болғанын және Грекия аралдарына бағыт алғанын мәлімдеді.
Грекия мен Италия соғыс пен кедейліктен қашқан мигранттар үшін Еуроодаққа кірудің негізгі қақпасы болып отыр. Алайда олардың көбі ашық теңізге жарамсыз шағын қайықтармен қауіпті сапарға шығады.
