Еуроодақ Temu маркетплейсіне қауіпті тауарлар үшін 200 млн еуро айыппұл салды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Еуропалық комиссия жүргізген тексеру нәтижесінде Temu платформасында сатылған кейбір қуаттағыш құрылғылардың қауіпсіздік талаптарының ең қарапайым сынақтарынан да өтпегені анықталды. Сондай-ақ бірқатар ойыншықтың құрамында рұқсат етілген мөлшерден жоғары химиялық заттар болғаны және олардың балалардың тұншығуына себеп болуы мүмкін екені айтылды. Бұдан бөлек, сауда алаңында заңсыз тауарлардың да сатылғаны хабарланды.
Temu компаниясы бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, айыппұл көлемін "шамадан тыс" деп атады. Компания өкілдерінің сөзінше, шешім 2024 жылғы жағдайларға қатысты қабылданған және платформаның қазіргі жағдайын көрсетпейді.
Temu 28 тамызға дейін анықталған заңбұзушылықтарды жою жөніндегі жоспарын ұсынуы тиіс. Одан кейін Еуропалық комиссия екі ай ішінде ұсынылған шараларды бағалайды.