Әнші Тамара Асар әлеуметтік желідегі парақшасында Құрылтайдың жаңа депутаттарын құттықтап, оларға бірқатар мәселеге назар аударуды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі депутаттардың халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған сапалы заңдар қабылдауына тілектестік білдірді. Сондай-ақ 145 депутаттың берген антына берік болып, ел игілігі үшін еңбек етуін тіледі.
"Ардақты ағайын! Құрылтайдың су жаңа депутаттары құтты болсын! Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жөндейтін заңдар шығарып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын! Лайым 145 депутат бүгінгі берген анттарына берік болып, өз ерік-жігерлерімен, қажыр-қайраттарын қаншама мұқтаж жандардың сауабын алатын сапалы жұмыс жасауларына жазсын", – деп жазды әнші.
Тамара Асар елде әлі де шешімін күтіп тұрған мәселе көп екенін атап өтті. Соның ішінде ол мемлекеттік порталдағы протездік-ортопедиялық әлеуметтік қызметтерге өзгерістер мен толықтырулар қажет екенін айтты.
"Қазақстанда мемлекеттік порталдағы протездік-ортопедиялық әлеуметтік қызметтерге толықтырулар және бүгінгі күнге сай жаңаша түзетулер керек. Осы мәселемен сауаты терең, сол саланың бүге-шүгесін жақсы білетін, тәжірибесі мол мамандар, яғни мемлекеттік деңгейде Құрылтайдың мінбесінде депутаттардың айналысуын өтінемін", – деді Тамара Асар.
Әнші бұл мәселенің Құрылтай деңгейінде көтеріліп, білікті мамандардың қатысуымен жан-жақты қарастырылғанын қалайтынын жеткізді.