Басқа елге соғысқа аттанған қазақстандықтар қанша жылға сотталады? — ІІМ жауап берді

Қаракөз Амантай 08 сәу. 2025 11:10 893

Басқа елдің қарулы қақтығысына қатысқан қазақстандықтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде азаматтар арасында басқа мемлекеттердің Қарулы Күштерімен келісімшарт жасасып, қаржылай сыйақы алу туралы жарнамалық материалдар мен бейнемазмұндар таралып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген”, — деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Осылайша, егер Қазақстан Республикасының азаматы қарулы қақтығыстарға немесе әскери әрекеттерге басқа мемлекеттердің аумағында заңсыз қатысса және жалдамашы әрекеттері байқалмаса (ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы), оған бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жалдамашы болған азаматтар (ҚР Қылмыстық кодексінің 170-бабы) жеті жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазасы тағайындалады.

“Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды және құқықтық ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерден аулақ болуды қатаң ұсынады”, — деп толықтырды ведомство.

Еске салайық, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым шетелдегі соғыстарға қатысып жүрген қазақстандықтар туралы пікір білдірген еді. Оның айтуынша, бұған дейін Сирияға 500-ге жуық адам кеткен, ал қазір Украинадағы соғысқа қатысып жүргендер де аз емес.

“Қайтарылғандары қайтарылды, отбасымен бірге кеткендері де бар. Бірақ біздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүмкіндігі шектеулі. Оның құрамында бар-жоғы 2-3 мың адам ғана. Егер олар елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экстремизм мен терроризмнің жолын бөгей алса, соның өзі жеткілікті”, – деді Сарым.

Ол соғысқа кеткен азаматтар өз таңдауын жасағанын және бұл жағдай басқаларға сабақ болуы керегін атап өтті.

“Мен өзім 2-3 нақты жағдаймен айналысып жатырмын. Бірнеше адам қабылдауыма келіп, “балаларымыз Ресей түрмесінде отыр” деп шағымданды. Біз бұл мәселені шешу үшін елшілікпен жұмыс істеп жатырмыз. “Сол азаматты елге қайтарыңызшы, біз өзіміз-ақ соттап, жазасын береміз” деген әңгімені біз де айтып жатырмыз. Сондықтан, мейлі олар Украина жағында болсын, Ресей жағында болсын – бәрібір. Олар өз таңдауын жасағанда, елге қайтпайтынын біліп кетті. Енді заң алдында жауап беруі керек”, – деді саясаттанушы.

Айта кетейік, бұған дейін "Өмір сүргім келеді" жобасы Ресей әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа қатысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Жоба мәліметінше, соғысқа 600-ден астам қазақстандық аттанған. Тізімде 264 адамның аты-жөні көрсетілген, олардың арасында қазақ азаматтары да бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар