Әлияның монополиясы келмеске кетті: Қазақстанда жүздеген компанияның кәсіппен айналысуына жол ашылады

Қаракөз Амантай 28 нау. 2024 12:26 6661

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев “ӨКМ Операторы” зауыттарының төңірегіндегі даулы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, қазіргі таңда зауыттар мемлекеттік мүлік комитетінің бақылауында. Сондықтан бұл мәселе жақында шешімін табуы мүмкін.

“Бүгінде “ӨКМ” зауыттары мемлекеттік мүлік комитетінің құзырында. Жақын күндері олардың тағдыры шешіледі деп ойлаймын. Бір ескеретін жайт, бұрын бұл монополия болған. Ал қазір біз нарықты зерттедік, өзгерістер енгіздік. Қазіргі уақытта рұқсаты бар кәсіпорындар ары қарай жұмыс жүргізуге құқылы. Елде 196 кәсіпорын бар. Бәлкім бәрі бірдей жұмыс істемеуі мүмкін, бірақ кез келген жағдайда әр аймақта бизнес дамып, көлікті кәдеге жаратумен айналысады”, - деді министр.

Еске сала кетейік, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2023 жылдың шілдесінде “ӨКМ Операторының” ісі бойынша үкім шығарған еді. Айыптылар қатарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, “ӨКМ Операторы” ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және “ӨКМ Операторының” экс-бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко болды. Олар “ӨКМ Операторы” ЖШС-да миллиардтаған қаржы жымқырды деген айыппен, бір жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алды. Антикор мәліметінше, заңсыздық 2016-2019 жылдары “ӨКМ Операторы” ЖШС-нің қызметкерлері жасаған. 

Алайда сот барысында “ӨКМ Операторы” ЖШС бұрынғы құрылтайшысы болған Әлия Назарбаеваның аты белгісіз себептермен аталмады және сотқа тартылған жоқ.

Осы тұста БАҚ өкілдері сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтен Әлия Назарбаеваның “ӨКМ Операторымен” байланысы туралы сұраған болатын.

 

“Әлия Назарбаева 2016 жылы “ӨКМ Операторының” алғашқы құрылтайшысы болды. Қала берді осы іс бойынша тергелгендер ӨКМ жабылғанша оны басқа бір тұлға арқылы Әлия Назарбаева басқарғанын айтқан. Ендеше неге экс-президенттің қызы осы күнге дейін тергелген жоқ?”, - деп сұрақ қояды.

Ал Антикор өкілі бұл іс сотпен шешілгенін жеткізген еді.

“Сот бұл іске нүкте қойды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу барысында ұсынған барлық дәлелі толық расталды. Бұл адамға келетін болсақ, мен оның тұрғылықты жерін білмеймін. Сот процесінде айтылған сөздерге келетін болсақ, тергеу жүргізу кезінде тегі мен осы заңды тұлғаға қатысы аталмаған”, - деп жауап берді Арман Тілеукенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар