Қазақстанда әлеуметтік қолдау деңгейі Орталық Азия елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, елдегі орташа зейнетақы көлемі 157 мың теңгені құрайды. Бұл көрші мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Черный лебедь, рак и щука" телеграм арнасы бірнеше елдегі жағдайды салыстырып, талдау жасаған.
"Мысалы, Қырғызстанда орташа зейнетақы шамамен 60 мың теңге, Өзбекстанда 61 мың теңге, ал Тәжікстанда небәрі 22 мың теңге деңгейінде", - дейді дереккөз.
Әлеуметтік төлемдер
Жүктілік және босану бойынша төлемдер де Қазақстанда анағұрлым жоғары. Елде бұл төлемдер еңбек өтілі мен аударымдарға байланысты 164 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін жетеді. Ал Қырғызстанда — шамамен 43 мың, Өзбекстанда — 34 мың, Тәжікстанда — 11 мың теңге көлемінде ғана.
Қазақстандағы негізгі әлеуметтік қолдау түрлері
Елдегі әлеуметтік жүйе түрлі өмірлік жағдайларды қамтиды. Негізгі төлемдер қатарында:
- бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы - 164 мың теңгеден бастап;
- бала күтіміне ай сайынғы төлем - 38 мың теңгеге дейін;
- көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы - 69 мың теңгеден жоғары;
- мүгедектік бойынша төлемдер - 111 мың теңгеге дейін;
- асыраушысынан айырылу жағдайындағы төлем - шамамен 55 мың теңге.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек пен аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шаралары қарастырылған.
Қосымша қолдау шаралары
Әлеуметтік саясат аясында қоғамдық көлікті субсидиялау да маңызды орын алады. 2026 жылы бұл мақсатқа Астанада 62,3 млрд теңге, ал Алматыда 107,6 млрд теңге бөлінуі жоспарланған. Бұл қаражат метро мен әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қаржыландыруға бағытталады.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық тарифтердің өсуін өтеу және басқа да әлеуметтік шаралар іске асырылады.
Көрші елдердегі жағдай қандай?
Орталық Азия елдерінде әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттары ұқсас болғанымен, төлем көлемі мен қаржыландыру деңгейі әртүрлі.
Мәселен, Қырғызстанда бала тууына берілетін жәрдемақы шамамен 21 мың теңге болса, ай сайынғы төлемдер 6 мың теңге көлемінде. Өзбекстанда да төлемдер көлемі салыстырмалы түрде төмен — шамамен 30–40 мың теңге аралығында. Ал Тәжікстанда әлеуметтік төлемдер көлемі ең төмен деңгейде қалып отыр.
Жалпы алғанда, Қазақстан әлеуметтік төлемдер көлемі бойынша аймақта көш бастап тұр. Дегенмен, сарапшылар нақты бағалау кезінде әр елдегі баға деңгейі мен сатып алу қабілетін де ескеру қажет екенін айтады.
