Күдіктінің үйіне өзі барған. Полиция 19 жастағы қызды өлтіру дерегінің мән-жайын айтты

Dalanews 26 мар. 2021 06:40 1219

Алматының ПД Аяжан Еділованың өліміне қатысты деректермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz. 

"Алматылық Аяжан Еділова із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар 20 наурыз күні келіп түсті. Іс тіркелген соң, жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 21 наурызда түнгі сағат 22:00-де жоғалған қыздың ең соңғы барған мекенжайы анықталды. Алатау ауданы Нұркент ықшам ауданында күдіктінің тұратаны белгілі болды. Күдікті 1993 жылғы азамат, оның үйіне кіру үшін полицейлер есікті бұзуға тура келді. Пәтерге басып кірген полциейлерді көрген азамат өзіне қол салмақшы болған. Жедел жәрдем шақыртылып, күдікті ауруханаға жеткізілді. Қазір ол тұтқындаулы", - деді Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.

Бұған қоса, марқұмның бөлшектенген денесі табылғаны расталды. Полицейлердің мәліметінше, күдікті мәйіттің көзін құрту үшін осылай істеген. Ол осылайша қылмысын жасырмақ болған.

Қайтыс болған қыздың ағасының айтуынша, күдіктінің жоғары медициналық білімі бар. Отбасы да оқыған, білімді адамдар көрінеді.

"Күдіктінің сөзінше, ол бойжеткенді 19-нан 20 наурызға қараған түні, шамамен 23:00 мен 00:00 шамасында өлтірген. Яғни, қылмыс Аяжан Еділованың жоғалғаны туралы хабар келіп түспей тұрып болған. Бойжеткен денесінің кей бөліктері Алатау ауданы мен Бостандық ауданындағы қоқыс жәшіктерінен табылды. Сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыс пәтерде орын алған", - деп қосты ол.

Көп қабатты үйдің тұрғындары пәтерден біртүрлі дыбыстар естімегенін айтады. Барлығы тыныш болған.

ПД таратқан мәліметтерге сәйкес, күдікті мен бойжеткен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ұсталған азамат бұрын сотталмаған. Күдікті осы уақытқа дейін тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тартылмапты.

"Марқұм күдіктімен Badoo желісі арқылы танысып, үйіне барған. Күдікті мен зардап шегушінің арасында жыныстық қатынас болған-болмағаны белгісіз. Екеуі үш күндей таныс болған. Ер азаматтың сөзінше, олардың арасында жанжал туып, артынша ашуға булыққан ол қызды өлтірген", - деді ПД өкілдері.


Үйдің ауласында және дәлізінде орналасқан бейнебақылау камераларында қыздың үйге өз еркімен кіргені анық көрінген. Бойжеткеннің неден көз жұмғаны алдағы уақытта анықталатын болады.

Өз кезегінде қыздың туыстары бейтаныс ер адаммен не себепті кездесуге барғаны туралы бірнеше болжам ұсынып отыр.

"Солардың бірі интернет-дүкеннің жұмыстарымен баруы мүмкін деген болжам. Ал осыған дейін ер адаммен жаңадан танысып, қарым-қатынас орнатпақ болып, кездесуге барған деген нұсқа жоққа шығарылды. Өйткені бойжеткеннің жігіті болған көрінеді", - дейді NemolchiKZ  қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда 19 жастағы қыз түнде жұмыстан шығып үйіне оралмағаны туралы хабарланған.

2021 жылдың 19 наурызында сағат 20.48-де бойжеткен Қонаев көшесі 43 мекен-жайы бойынша жұмыстан шыққанын соңғы рет бақылау камералары  тіркеген. Бірақ үйіне оралмаған. Оның үстінде қара куртка, кең қара джинсы, басында қара берет бар. Қолына қызғылт сөмке ұстаған.

19 наурызда жоғалып кеткен Алматы тұрғыны Аяжан Еділова өлі күйінде табылды. Алматы полициясы күдіктіні ұстады.

"Хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерін және оның жоғалу жағдайларын анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бойжеткеннің жоғалып кеткен күні әлеуметтік желілерде танысқан жаңа танысымен кездесуге жиналғаны анықталды.

Қыздың қылмыстық әрекеттерінің құрбаны болғандығы анықталды. Күдікті-Түркістан облысының тұрғыны, 1993 жылы туған азамат ұсталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, соның ішінде кісі өлтірудің себебі мен тәсілін анықтау мақсатында", - деді Алматы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

Рекомендовать
Последние новости