Жаңаөзендегі жағдай: Президент тапсырмасынан кейін газ бағасы 85-90 теңгеге түсті

Dalanews 03 янв. 2022 08:12 1005

ҚР Премьер-Министрі А. Мәминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады.

"Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты шаралар қабылдайды" деп атап өтті Мәмин.

Атап айтқанда:

  1. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады.

  2. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.


Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады.

Үкімет, Маңғыстау облысының әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты болған оқиғаны құқықтық бағалау бойынша шаралар қабылдайды.

Айта кетелік бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі халық наразылығына байланысты үкіметке тапсырма берген.


"Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан тексеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс", - деп жазды президент Twitter парақшасында.

Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына өз талаптарын ашық айтуға құқығы бар, бірақ бұл заңға, атап айтқанда, бейбіт жиналыстар туралы заңға сәйкес жасалуы керек, деп атап өтті кейінірек президент.

Еске салайық, кеше 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласының тұрғындары бейнехабарлама түсіріп, облыстағы газдың бағасы 120 теңгеге қымбаттап кеткенін айтқан. Олар ең төменгі бағаны жалақы мөлшеріне сәйкес 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етуде.

Рекомендовать
Последние новости