Атырау облысында көлік түгі қалмай жанып кетіп, 4 адам қаза тапты

Сағыныш Сардарова 28 окт. 2024 09:15 58241

Атырау облысында көлік жанып кетіп, 4 адам қаза тапты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңірдің Полиция департаментінің мәліметінше, бір сағат бұрын жолда ескерту алған жүргізуші жол апатына түсіп, төрт адам қаза тапты.

26 қазанда Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау-Орал тасжолында 4:00 шамасында Ресей елінде тіркелген Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатып, жол жүрісі ережесінің талаптарын бұзғаны үшін жүргізушісіне хаттама толтырған және түнгі уақытта сақтық шараларына мұқият болу керек екенін ескерткен.

"Ескертулерге қарамастан таңғы сағат 06:00 шамасында Атырау-Орал тасжолында Daewoo Nexia автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, көлік толықтай отқа оранды", - деп жазылған хабарламада.

Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Жол қателіктерді кешірмейді! Өзіңіздің және өзгелердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей, алыс сапарларға түнгі мезгілде шықпауларыңызды және шаршаңқы күйде көлік басқармауларыңызды сұраймыз! Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар!" - деп ескертті полиция.


Рекомендовать
Последние новости