Алматы қаласының бюджетін нақтылау бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен жүргізіледі. Бұл туралы мәслихаттың кезекті сессиясында Алматы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бюджеттің кіріс және шығыс бөлігі 82,9 млрд теңгеге, оның ішінде мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу есебінен – 18,1 млрд теңгеге, сондай-ақ келесі жылға 57,9 млрд теңге көлемінде қаражат аудару есебінен азайтылатын болады.
– 2025 жылға қаражат аударудың негізгі себептері – мердігерлердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауы, конкурстық рәсімдерді ұзақ уақыт өткізу, – деп атап өтті Қанат Сухамбеков, жаңа бастамалар бойынша жұмыс қарқынының озып кетуіне байланысты қосымша 21,3 млрд теңге бөлінетінін, олар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс-шараларды қосымша қаржыландыруға бағытталатынын айтты.