Израильдің Ливанға жасаған соққыларынан кейін Иран Ормұз бұғазын жапты

Қаракөз Амантай 09 сәу. 2026 09:22

АҚШ пен Иран арасында жарияланған екі апталық уақытша бітімнің алғашқы тәулігі күтпеген қайшылықтарға толы болды. Дональд Трамп мәлімдеген келісімге қарамастан, Ормұз бұғазы әлі де толық ашылмаған, ал Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" позицияларына соққы беруін тоқтатпаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

АҚШ пен Израиль тарапы бұл бітімнің Ливан аумағына қатысы жоқ екенін алға тартса, Иран керісінше барлық әскери әрекеттер тоқтатылуы тиіс деп отыр.

Ормұз бұғазындағы жағдай

Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормұз бұғазының әлі де жабық екенін мәлімдеп, рұқсатсыз өтпек болған кез келген кемеге күш қолданылатынын ескертті. Бұл бұғаз – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы зор аймақ, сондықтан оның жабық болуы жаһандық нарыққа тікелей әсер етеді.

Британдық SSY брокерлік компаниясының дерегінше, Парсы шығанағындағы кемелерге арнайы жиілікте ескерту жасалған. Яғни, бұғаз арқылы өту үшін міндетті түрде Иран тарапынан рұқсат қажет, әйтпесе кемелер жойылуы мүмкін.

Дегенмен сәрсенбі күні таңертең бірнеше кеме – соның ішінде грек құрғақ жүк кемесі NJ Earth пен Либерия туымен жүзген Daytona Beach – бұғаздан өте алған. Сарапшылар мұны алдын ала келісілген ерекше жағдай болуы мүмкін деп бағалап отыр.

Қарама-қайшы мәлімдемелер

Ақ үй Иранды бұғазды шұғыл түрде ашуға шақырды. АҚШ әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, мұндай шектеу халықаралық сауда қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Ал Иран тарапы Израильдің Ливан аумағына соққы беруін тоқтатпайынша, толық келісім туралы айту ерте екенін алға тартады.

Келіссөздер және дипломатиялық қадамдар

АҚШ Иранмен келіссөздерді жалғастыру үшін Пәкістанға делегация жіберетінін мәлімдеді. Делегацияны АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бастап бармақ. Пәкістан бұл процесте Вашингтон мен Тегеран арасындағы делдал ел ретінде қарастырылып отыр.

Мұнай нарығына әсері

Бітім туралы жаңалықтардан кейін әлемдік мұнай бағасы төмендей бастады. Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 15 пайызға арзандап, барреліне 92–93 доллар деңгейіне түсті. Ал WTI маркасы да ұқсас динамика көрсетіп, 94 доллар шамасында қалыптасты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove