Ыстамбұл қаласында шоу-бизнес өкілдеріне қатысты есірткі ісі бойынша тоғыз адам ұсталды,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күдіктілер қатарында актер Ибрагим Челиккол, поп-әншілер Бенгю және Симге Сағын, сондай-ақ орындаушы Мустафа Джеджели бар.
Тергеу нұсқасына сәйкес, олар есірткі заттарын сақтау және тарату фактілері бойынша күдікке ілінген.
Медициналық тексерулер мен сараптамалардан кейін күдіктілер жауап алу үшін сотқа жеткізілді. Жақын арада прокуратура олардың бұлтартпау шарасын анықтайды.
Аталған іс 2025 жылдың қазан айында басталған ауқымды тергеудің жалғасы болып отыр.
Бұған дейін іс материалдарында актриса Ханде Эрчел, сондай-ақ Сабанджи әулетінің өкілдері мен Бешикташ және Галатасарай клубтарының бұрынғы президенттері аталған.
Жыл басында осы іс аясында актер Октай Кайнарджа да жауап берген.
