Қазақстан Оманның порттық инфрақұрылымын отандық өнімді Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты елдерінің нарықтарына шығарудың жаңа бағыты ретінде қарастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан өкілі Арман Исағалиев Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Халифа Әл-Харисимен кездесті. Тараптар қазақ-оман қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесуде екі ел арасындағы жоғары және жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыруға және алдағы сапарларды ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Оман сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раундын өткізу мерзімін келісіп, кездесу Астанада өтетіні белгілі болды.
Оман Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қазақстанды ел тарихындағы бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын сәтті өткізгенімен құттықтады. Оның айтуынша, жаңа Парламент Қазақстандағы саяси реформаларды ілгерілетуге, өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге және елдің тұрақты дамуына елеулі үлес қоса алады.
Сапар аясында Арман Исағалиев Оманның Инвестициялар жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Мулхам Әл-Джарфпен де кездесті.
Кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және Қазақстан мен Оманның іскерлік топтары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері қаралды.
Тараптар көлік-логистикалық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Оманның порттық инфрақұрылымын пайдаланып, Қазақстан өнімдерін Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты елдерінің нарықтарына шығарудың мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Оман арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Қазақстан мен Оман инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын.