Новороссийскіде ұшқышсыз аппараттардың ауқымды шабуылы болды. Жергілікті билік мәліметінше, салдарынан сегіз адам зардап шеккен, олардың екеуі - бала. Барлығы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ дерегіне қарағанда, негізгі нысана Новороссийск портындағы "Шесхарис" мұнай терминалы болуы мүмкін.
"Шесхарис" Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай тиеу бағытындағы маңызды терминалдардың бірі саналады. Бұл порт арқылы қазақстандық мұнайдың да бір бөлігі өтеді, алайда негізгі көлемі жақын маңдағы Каспий құбыр консорциумы терминалы арқылы экспортталады.
Украина тарапы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі 5 сәуірде әуе қорғаныс жүйелері әртүрлі өңір мен Қара теңіз акваториясында 148 украиналық дронды жойғанын немесе ұстап қалғанын мәлімдеді.
