Қазақстанның мәдениет қайраткері, халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері және ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызы дүниеден өтті. Қаралы хабарға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, шәкірттеріне, зиялы қауым өкілдері мен барша халқына көңіл айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төрткен Кененқызы саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесіне, білім беру ісіне және ұлттық мәдениетті дәріптеуге арнады. Ол ұстаздық жолында талай шәкіртке ана тілі мен әдебиеттің қадірін ұғындырып, ұлттық құндылықтарға деген құрмет қалыптастырды.
Халық ақыны, әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың перзенті ретінде әке мұрасына ерекше жанашырлық танытты. Төрткен Кененқызы Кененнің әндері мен жырларын жинауға, зерттеуге және оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге елеулі үлес қосты.
Министрлік марқұмның ұстаздық өнегесі, өнерге адалдығы және ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі кейінгі буынға үлгі болып қала беретінін атап өтті.
"Асылдың сынығы болған ардақты ананың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады", – делінген көңіл айту мәтінінде.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын.