"Қазақша сөйле дейтіндерді шахтаға жіберу керек" деген әнші елді дүрліктіріп жатыр

Көркем Алдабергенова 11 сәу. 2025 10:38 37418

Қазақ тілінің мәртебесі туралы қоғамдық пікірталастар жиілеп тұрған шақта әнші Руслан Жайықбаев әлеуметтік желіде айтқан даулы пікірімен елдің ашуына тиді. Ол қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен азаматтарды «сөйлешниктер» деп атап, оларды «шахтаға апарып, сол жерде ғана сөйлесуге» жөнелтуді ұсынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жайықбаев Instagram желісіндегі парақшасында былай деп жазған:

«Сөйлешниктерді айдаладағы шахтаға апарып тастау керек. Сол жақтан шықпай, бір-бірімен сол жерде сөйлесе берсін. Провизияны ретпен беріп, кезекпен ғана жуындыру қажет. Коменданттық сағат енгізсе – мәселе шешіледі».

Әлеуметтік желілерде әншінің аты аталғалы бері оның Ne Prosto Orchestra құрамында болғаны жайлы ақпарат тарады. Осыған байланысты оркестрдің ресми парақшасында мәлімдеме жарияланды:

"Құрметті біздің тыңдаушылар мен оқырмандар! Әлеуметтік желілерде вокалист туралы туындаған қазіргі жағдай біздің де назарымыздан қалмады. Ne Prosto Orchestra әртүрлі орындаушылармен бір реттік жоба негізінде жұмыс істейді. Концерт аясында шақырылған орындаушылар оркестрдің штаттық қызметкерлері емес және бұл олардың ресми жұмыс орнын білдірмейді.

Олардың жеке пікірлері — олардың жеке жауапкершілігі. Оркестрдің ресми позициясын, сондай-ақ компанияның мақсаттары мен көзқарасын тек біздің ресми парақшамыз және оркестр жетекшісі Мадияр Тойболды ғана ақпарат бере алады және растай алады. Біз кез келген дискриминация мен жеке көрушілік түрлерін айыптаймыз. Біз үшін музыка — бұл құрмет пен бірлік кеңістігі!", дейді олар. 

Оркестр мәлімдемесінде Жайықбаевтың ендігі уақытта топтың концерттеріне шақырылмайтынын да хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьері жұмыстан шығарылуы үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болды.

Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде, курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған.

Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Қазақстандықтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілге деген құрмет төмен екенін жазды. 

Алайда күні кеше қоғамда біраз күннен бері қызу дауға айналған Magnum мәселесіне нүкте қойылып,елді шулатқан екеу татуласып, жұрт алдына шықты. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар