АҚШ 25,3 млн доллар төлеп, Алматыдан 49 жылға жер телімін жалға алады

Кәмшат Тілеухан 26 нау. 2025 11:51 1144

Алматыда АҚШ консулдығын салу үшін 70 мың шаршы метр жер телімі бөлінгені белгілі. Оны жалға алу мерзімі 49 жылды құрайды. Америкалықтар бұл жер телімі үшін қанша ақы төлейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл келісімге былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында қол қойылған. Ол бойынша Алматыда АҚШ консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін сол елдің үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісім ратификациялануы керек.

"АҚШ тарапы жалдау кезеңі үшін 25 301 016 АҚШ долларын төлейді. Келісім енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде бірыңғай төлем жасалады", делінген ресми құжатта.

Ал бұл төлем жыл сайынғы ма, әлде жалпы жалға алған мерзім бойынша бекітілген бе? Бұл сауалға арнайы баспасөз мәслихатында ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин жауап берді:

"АҚШ тарапы жалдау кезеңі үшін, сондай-ақ одан кейінгі ұзарту кезеңдеріне жер учаскесі үшін жалдау ақысы түрінде 25 301 016 АҚШ долларын төлейді. Ол жыл сайынға белгіленбеген, келісімшарттағы мерзім бойынша бекітілген, яғни ол мерзім аяқталып, келісім тағы ұзартылып жатса, бұл төлем қайталанады".

Бұл арада АҚШ үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратына қатысты қандай да бір салықтар мен өзге де төлемдерді төлеуден босатылатынын айта кетелік, яғни жалға алу ақысын есепке алмағанда. Сонымен қатар, Келісімнің 6-бабында АҚШ Үкіметі консулдық ғимаратының құрылысына байланысты жұмсалған барлық шығыстарды, сондай-ақ байланыс, электр, газ, су және жылумен жабдықтау қызметтерін, басқа да коммуналдық қызметтерді Қазақстандағы қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес төлем жасай отырып, ғимаратты күтіп-баптап ұстауға және жөндеуге жұмсалған шығыстарды дербес төлеуге міндет алады.    

Сондай-ақ ғимаратты салу және жабдықтау үшін АҚШ-та өндірілген материалдарды,жабдықтарды және тауарларды пайдалана алатын АҚШ мердігері бас мердігер ретінде әрекет етеді.

Консулдық ғимаратты жабдықтау және жиhазбен жабдықтау үшін АҚШ Үкіметі импорттайтын барлық материалдар, керек-жарақтар мен тауарлар кедендік төлемдерден, импорт салықтарынан және рұқсат алу талаптарынан да босатылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар