Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Ресей мен Украинаның қорғалатын нысандарының тізіміне енді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Келісім туралы не белгілі?
Кремль сайты 25 наурызда Ресей мен Украина шабуыл жасамауға келіскен энергетикалық нысандардың тізімін жариялады. Құжатта нақты нысандар көрсетілмегенімен, бес санаттағы инфрақұрылым қорғалатыны анықталды.
Осылайша екі ел мына нысандарға соққы жасамауға уағдаласты:
-
Мұнай өңдеу зауыттары;
-
Мұнай және газ құбырлары, қоймалар, мұнай айдау станциялары;
-
Электр энергиясын өндіру және тарату жүйелері (электр станциялары, желілер, трансформаторлар, тарату орталықтары);
-
Атом электр станциялары;
-
Су электр станцияларының дамбалары.
2025 жылғы 18 наурызда күшіне енген бұл уақытша мораторий 30 күнге созылады. Қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. Егер тараптардың бірі шарттарды бұзса, екіншісі өз міндеттемелерінен босатылады.
КҚК туралы не белгілі?
Жыл басынан бері КҚК жүйесіне кіретін бірнеше нысан шабуылға ұшырады.
Каспий құбыр желісі консорциумындағы үлестің 24%-ын Ресей бақылап отыр. Қазақстанның атынан «ҚазМұнайГаз» 19% акцияға ие. Сондай-ақ, консорциум құрамында америкалық Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%) және Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%) бар.
Бұдан бөлек, Ресейлік «Лукойл» 12,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (Ресей мен Ұлыбритания) 7,5% акцияға ие.