Салтанат Нүкенова қайтыс болған түнге Путиннің не қатысы бар?

Көркем Алдабергенова 18 сәу. 2024 17:19 2830

Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні Bau мейрамханасына Ресей президенті Владимир Путиннің делегациясы келуі керек болған. Бұл туралы екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байжановтың сөзінше, Астанаға келген ресейлік делегация мейрамханадағы Vip-бөлмені жалға алған. 

"2023 жылы 9 қарашада Ресей президенті Қазақстанға келді. Ұйымдастырушылар Bau мейрамханасындағы Vip-бөлмеде банкет ұйымдастырмақ болған", - дейді Байжанов. 

Судья бұл ақпараттың іске қатысы жоғын айтты. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты бұл ақпараттың іске қатысы барын, осы себепті Байжанов пен Бишімбаев Салтанаттың денесін алып шыға алмағанын айтты. 

"Олар РФ басшысының делегациясы болатынын біліп, Салтанаттың денесін алып шыға алмаған", - дейді адвокат Жанна Оразбахова. 

Бұған дейін Байжанов қайғылы оқиға болған күні мейрамханада не болғанын айтқан болатын. Ол Салтанат Нүкенованы бірнеше рет көргенін айтты. 

"Салтанаттың бір көзі ісіп тұрғанын көрдім. Вип-бөлменің ішінің астаң-кестеңі шығып жатты, дәретхананың есігі қирағанын көрдім. Таңертең гастроорталыққа келген кезде Бишімбаев түні бойы шу шығарып, ішімдік ішіп, Салтанатты кезекті рет ұрып тастағанын біліп келдім. Бұл туралы гастроорталыққа келер алдында хабардар болдым. Бірақ ол кезде ештеңе түсінбедім. Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын, өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын білмедім. Бұл ақталу емес. Мен ол жақта (бөлмеде) шын мәнінде не болып жатқанын көре алмадым. 

Бұл менің кінәм және мен оған қатты өкінемін. Егер назар аударып қарасам мүлде басқа жағдай болар еді. Енді амал не? Мен уақытында көмектесе алмасам да Салтанаттың жақындары мені кешіре алады деп сенемін", - дейді Байжанов.

Ол Салтанат мейрамханаға бұрын да жиі келгенін айтады. 

"Өте мейірімді еді. Мейрамхана қызметкерлері Салтанат тарапынан ешқандай дөрекілік көрген емес. Оны кез келген қызметкер растай алады. Сол түні не болғанын айтып берейін. Мен 33-темін, қарапайым отбасынан шыққанмын. Әйелім, үш балам бар. Менің кесірімнен олар да зардап шегіп отыр. Олардан да, ата-анамнан да кешірім сұраймын", - дейді Байжанов.

Байжанов гастроорталықта 2022 жылдан бері директор қызметін атқарған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x