Украинадағы соғысқа қатысқан шетелдіктерге Ресей азаматтығы берілмек

Dalanews 04 қаң. 2024 10:51 481

Ресей президенті Владимир Путин "арнаулы әскери операция" кезінде Ресей әскері қатарында қызмет ету жөнінде кемі бір жылға келісімшарт жасасқан шетелдіктерді Ресей азаматтығына қабылдау туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл жарлық бойынша, келісімшартқа қол қойған шетелдіктің өзіне ғана емес, оның отбасына да Ресей азаматтығы беріледі.

Ресей әскерінен денсаулығы мен өзге де жағдайларына байланысты босаған шетелдіктер де Ресей азаматтығына қабылдау туралы арыз бере алады.

2023 жылы мамырда Путин Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған шетелдіктерге Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы жарлыққа қол қойған.

Ресейде кейінгі бірнеше айда базардан, құрылыстардан, жатақханалардан, мешіттен және тағы да басқа адам көп жиналатын жерден мигранттарды ұстап, бірден әскери комиссариатқа жеткізе бастағаны байқалған. Мигранттардың көпшілігі бұрын совет елдерінен Ресейге жұмыс іздеп келгендер. Олардың арасында Ресей паспортын алып қойып, енді Украинадағы соғысқа баруға мәжбүр болып жатқандар да бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар