Алматыда танымал фотограф сотталды

Сағыныш Сардарова 24 сәу. 2024 15:06 1706

Алматыда Элина есімді қыз зорлықтың құрбаны болғанын айтқан еді. Оның сөзінше, барда коктейль берген танысы кейін үйіне апарып зорлаған. Осы іске қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында қыз зорлады деп айыпталған 34 жастағы К.-ға қатысты қылмыстық іс жабық режимде қаралды.

Сот мәліметінше, былтыр 9 наурызға қараған түні К. қаланың түнгі клубтарының бірінде демалып жүріп, сол уақытта өзінің құрбыларымен жүрген танысы О-мен кездескен. Кейін К. оны үйіне шығарып саламын деген сылтаумен өз пәтеріне әкелген. 

"Одан соң жәбірленушінің дәрменсіз күйін, яғни ішімдікке мас болғанын пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсетіп, жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық қатынас жасаған. Осылайша сотталушы зорлау ісін жүзеге асырған", - деп жазылған мәліметте.

Сотталушы кінәсін мойындамады және соттан өзін ақтауды, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған сараптамалардың қорытындылары, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары арқылы дәлелденді.

Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды және оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар