Жыршы: «Қаңтар оқиғасына» қатысты пікірлерді үш топқа бөліп қарастырдым»

Dalanews 17 ақп. 2022 06:33 214

Тарихтың қойнауына «Қасіретті қаңтар» атымен сіңіп бара жатқан еліміздің қалаларында бір мезгілде және бір мотивте болған ереуілдердің соңы өте қайғылы аяқталғанын бүкіл ел тұрғындары жақсы біледі.

Бейбіт шерушілердің арасына арандатушы топтар мен деструктивті бағыттағы әскери дайындықтан өткен дін өкілдері болғанын да ел Президенті  Қ.К. Тоқаев мәлімдеді. Қазақтың «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» деген нақылының  тәлімді екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Елдегі дүрбелең қыршын жандардың қазасынан бөлек ел экономикасына орасан зор шығын әкелді.

Әрбір қалаға көрік беріп тұрған әсем ғимараттар отқа оранып, сауда орындары жабайылықпен тоналды. Біз қазақтың мұңын айтуға жиналып, қазақты тонаумен, дана қазақтың атын кірлетумен аяқтадық.

Кемелұлының бұра тартпай, әрбір шешімін ұлттың тағдырымен байланыстыра қабылдауының арқасында тыныштығымыздың тұнығын шайқамай, бейбіт өміріміздің берекесін сақтап қалдық. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты қаншама пікірлерді оқып отырмыз. Жалпы, осы оқиға туралы пікірлерді үш топқа бөліп қарастыруға болады.

Олар, оң, теріс,ойсыз пікірлер болып бөлінеді.

Оң пікірді ұстанушылар кешегі шаттығымызды шайқап кете жаздаған дүрбелеңді жете түсініп, Мемлекет басшысының шешімдеріне шын ниетімен қолдау білдіретінер.

Екінші теріс пікірді қолдайтындар әлі де арандатушы топпен ымыралас, солардың қиялындағы халифатты көксеушілер. Үшінші ойсыз топтағылар алдыңғы екеуіне де қатыссыз «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, қашқанға да, қуғанға да серік бола салатын дүбәралар.


Ақиқатына келсек, тәуелсіздігімізді қанжығалай жаздаған қаңтар қырғынында ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ширыға шешім қабылдамса еліміздің ертеңі бұлыңғыр еді. Таразының екі басында үміт пен күдік салмақ тарта алмай итжығыс жағдайда тұрды. Жалғандықтың пердесін жыртып, ақиқатқа тура қараған Мемлекет басшысы ең дұрыс шешімін жариялап, сәт өзі жанындай жақсы көретін ұлтын ықтимал қауіп-қатерден сақтандырып отырды.

Кеудесінің қуысындағы жұдырықтай ғана иман ұясы ұлттың болашағына тынбай жұмыс жасай білді. Ат төбеліндей қазақты алапат апаттан аман алып қалғаны үшін, бұл кісіге алғаусыз алғысымызды білдіргеніміз жөн.

Тұмсығымыздың астында және біздің жерімізде бізге қарсы жұмсалатын найзаны саптап, қаруды оқтап отырған қаныпезер топты көрседе көрмегенсіп отырған құзырлы органдардың салғырттығы кешірімге жатпайтын қылмыс.

Атаның жолынан ауып, бөтеннің сойылын соғатындардың қатары әлі де көп.

Тіпті, мемлекеттік қызметте отырғандары қаншама? Олардың барлығы бармағын бүккен қалпы жүр. Бәрі әккі, айлалары түлкіні жер қаптыратын пірсияндар. Өз кезегінде оларда жазадан жырақ кетпесі анық. Ақиқаттың адырнасы тартылар күн де алыс емес, сол кезде барып аңғал қазақтың көзі көп нәрсеге жететін болады.

Әрбір қаланың көшелерінде, ғимарттар алдында тұрған бейнежазу құрылғылары ертең-ақ ешкімнің бет-жүзіне қарамай шындықты шыжғыра сөйлейтін болады. Өз басым әрбір қалада лаңкес содырлардың болғанына күпір айламаймын.

Олар, қазақтың тыныштығын бұзып, егемендігін еншілегісі келген діни жат ағым өкілдері екені анық. «Көрген көзде жазық жоқ», оған көгілдір экраннан беріліп жатқан бейнероликтерден куә болып отырмыз.

Қаһарлы қаңтар аз ғана уақыт ішінде «Ел», «Жер» деген қасиетті ұғымдардың қадірін түсіндірді. Оның себебін, жіберілген қателіктерді жіпке тізбей-ақ, алдағы уақытта осы кемшіліктерді жою және ұрпағымыздың дұрыс тәрбиеленуі үшін не істеуіміз керке?

Ел ішіндегі өзіндік ойы жетілген ұлтжанды тұлғаларды қатыстыра отырып, ұлттық идеологияны қалыптасуына, қоғамдық сананың биік деңгейге жетуіне ден қоюымыз керек. Ұлттық тәлімді сіңіру бесіктен басталарын барша саналы жан иесі біледі.

Тәуелсіздік алғалы елімізде экономика бірінші орыннан түскен емес. Соның зардабын әлі біраз уақыт тартатын боламыз. Себебі, эконмикалық көзқарастағы ұрпақ қалыптасып үлгерді. Оларды райынан қайтарып, дүниеге тұманданған көзін ашу да үлкен еңбекті қажет етеді.


Сондықтан, руханиятты яғни, идеологияны бірінші орынға шығаруымыз керек. Егер, елдің ортақ түсінігі, мүддесі қалыптасса ұлттық құндылықтарымыз арқылы ұрпақ тәрбиеленеді. Олар, «Болашақ» бағдарламасымен жер шарындағы беделді оқу орындарына барып, шұрайлы жерден бөксесін көтере алмай қалып қоймайды, ұрпаққа тиесілі қазба байлықтарымызды талан-таражға салмайды және отанына опасыздық жасамайды. Ұлттық тәрбиемен сусындаған келелі ұрпақтың бет-бейнесі мүлде бөлек болар еді.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ, жыршы, ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x