Президенттік? Менен өмір бойына қалуымды өтінді – Назарбаев

Dalanews 07 шіл. 2021 03:58 292

Танымал режиссер Оливер Стоунға сұхбат берген Назарбаев билікті толықтай Тоқаевқа тапсырғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Стоун экс-президенттің қазіргі құзіретін әйгілі Лу Куан Юдің қызметімен салыстырып, бұл туралы Назарбаевтың не ойлайтынын сұрады.

"Ли Куан Ю (Сингапурдің тұңғыш премьер-министрі, ред.) тым қатал әмірші еді. Биліктен кеткендей көрінгенмен, іс жүзінде тізгінді босатқан жоқ, жағдайды тасадан бақылап отырды. Ел сіз туралы да сөй дейді. "Биліктен кеткенмен ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс саласы және экономиканы уыстан шығармай отыр" деген пікір айтады...", – деді Стоун.

"Бұл халық үшін қаншалықты тиімді? Дұрыс па, әлде бұрыс па? Соны неге сөз қылмайды?! Егер бұл елдің өркендеуі мен дамуына оң әсер етсе, ендеше еш сөкеттігі жоқ", – деп жауап қатты Назарбаев.

Оның пікірінше әрбір ел өзінің басқару стилі мен даму жолын өз қалауына қарай айқындауға құқылы.

Экс-президент орынтағын елдің қалауынан тыс, атақ-даңқы дүркіретіп тұрған тұста босатып бергенін айтады.


"2015 жылғы сайлауда 95 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеттім. Бұл халықтың құрметіне бөленгенімнің белгісі еді. Біздің заманда адам ойына кіріп шықпас таңғаларлық көрсеткіш. Мені осы орынтақта мәңгілікке қалдыру туралы мәселе көтерілді. Әлбетте, мен бұл ұсынысты қабыл алған жоқпын", – дейді Назарбаев.

Ал ұсыныс кімнен түсті? Назарбаевтан өмір бойы ел билеуді сұраған кім? Экс-президент бұл сауалға жалпылама жауап берген екен.

"Мен біржолата кеткім келді. Менен өмір бойына қалуымды өтінді. Келіскен жоқпын. Одан да сайлау өткізейік, өз басым Қауіпсіздік кеңесі мен партия басшылығында қалып, елдің саяси өміріне атсалысуға әзір екендігімді айттым. Ұсынысты қабыл алды. Ата заңға өзгеріс енгізді. Парламент, Конституция бар, осы уақытқа дейін қабылданған заңдар бар. Соған сай өз қызметімді атқару үстіндемін", – дейді экс-президент.

Назарбаев қазіргі президенттің жұмысына кедергі келтірмейтінін, билікті түгелдей Тоқаевқа тапсырғанын мәлімдеді.


"Елдің жаңа президенті бар. Мемлекетті сол басқарып отыр. Тоқаев? Мен оның жұмысына араласпаймын, кедергі келтірмеймін. Керісінше, кеңесшісі қызметіндемін, қажет етсе көрген-білгеніммен бөлісуге әзірмін. Билік Тоқаевтың қолында. Оның құзіреті Ата заңда айқын жазылған", – дейді Назарбаев.

Экс-президент осы арқылы "елде қос билік орнаған" деген әңгімеге нүкте қоюға тырысқан секілді.

"Мұндай өсек-аяң Қазақстанның шаңырағын шайқалтуды көздейтіндердің шығарып жүргені" дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x