"Олар бізді бөтенсіген жоқ." Танымал ғалым ауған азаматтарын қабылдауға шақырды

Dalanews 04 шіл. 2021 07:25 238

Танымал ғалым Нәзира Нұртазина қазақтар толеранттылық танытып, атажұртынан бас сауғалауға мәжбүр ауғандарды паналатуға тиіс екендігін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Айта кетелік, Америка Қазақстаннан АҚШ әскерилеріне көмектескен ауғандарды уақытша орналастыруды сұраған еді. Ақ үй Америка әскерін Ауғанстаннан шығарғаннан кейін Талибан америкакалық әскерилерге қол ұшын берген ауғандарды жазалайды деп қауіптенеді. 

Бұл туралы Ақ үйдегі дереккөздеріне сілтеп Bloomberg сайты жазған болатын.


“Ауғандар жайлы кеңестік идеология санамызға сіңіріп тастаған теріс түсінік бар. Негізінде, бұл ұлт біз ойлағаннан әлдеқайда талантты, батысшыл, демократиялық құндылықтарға бізге қарағанда бір табан жақын ел”, – дейді тарихшы Нәзира Нұртазина. 

Ауғандар? Олар NASA-да жұмыс істейді 


Ғалым осы орайда ауған халқына қатысты бізге беймәлім деректерді алға тартқан екен. 

“Ауғандар ғарышқа бізден бұрын (Тоқтар Әубәкіров, ред.) ұшты. Ауғанстанның тұңғыш ғарышкері Ахад Моманд бірнеше тілді жетік меңгерген, қазір Алманияда тұрады. Ғылыммен айналысады. 

NASA қатарында ауған жерінен шыққан ондаған ғалым тер төгіп жүр. Нобель сыйлығының лауреаттары арасында да ауған ұлтының өкілдер бар (ал қазақ арасынан мұндай мәртебеге ие болған әзірге ешкім шыға қойған жоқ), – дейді ғалым.

Ағылшын тілін меңгеру деңгейінде ауғандар Қазақстаннан оқ бойы озып кеткен. 


Ғалым дерегінше, бұл көрсеткіш бойынша Ауғанстан әлем рейтингінде 43-інші орында тұр. Ал біздің ел осы тізімге енген 100 елдің ішінде 92-ші орында ғана. 

“Ауғандардың тағдыры ауыр болғанман, қабілет-қарымы жағынан ешкімнен кемдігі жоқ”, – дейді сарапшы.

Орыстанған Қазақстан, батыстанған Ауғанстан 


Қазақстан әлем алдында орысшыл, ресейшіл ел. Мәскеудің айтқанын екі етпейтін адал одақтас. Ауғанстан бізге қарағанда әлдеқайда батысшыл, демократиялық құндылықтарды үрке қарамайтын озық ойлы ел. 

Сөй деген тарихшы батыстанған Ауғанстан мен орыстанған Қазақстан арасында параллель жүргізген екен. 

“19-шы ғасырда Батыс жиһанкездері Орта Азияға сапар шекті.  Сол кездің өзінде орыс идеологиясымен уланған Орта Азия үшін Батыстан келген саяхатшылар құбыжық секілді көрінетін. Олар бұл арада ұзақ аялдағысы келмейтін, себебі отаршылдық қамытын киген аймақтың атмосферасы өте ауыр еді. Шетелдіктерді әй-шәйға қарамай жазаға тартып, басын шапқан кездер де болған.

Орта Азияны кесіп өтіп, Ауғанстанға жеткенде еңсеңді басып тұратын отаршылдық езгісі бірден сейілетін. Ол тұста ауған ұлты Ұлыбритания ықпалында болған еді. Еркін өмір сұріп, еуропаланған олар Батыстың музыкасын тыңдап, жайма-шуақ өмір кешіп жатты. Иә, Ауғанстанның өткен тарихы осындай еді”, – дейді тарихшы.


Нәзира Нұртазина ауған ұлтының рухани дүниетанымына да егжей-тегжейлі тоқталған екен. Айтуынша, ауғанның діни идеологтары Ислам дінін реформалауға көп күш салған. 

Соның бірі - Саид Жамал Әл-Ауғани 

“Әл-Ауғани? Ол Еуроислам, джадидизм концепциясын қалыптастырған ірі қайраткер. Бірнеше тілді еркін меңгерген, өз заманының заңғар тұлғаларының бірі ретінде тарихта қалды.  Парижде өмір сүрді. Қазақ, татар, өзбек интелектуалдары Әл-Ауғаниді бірауыздан мойындады. Тіпті ұлы Абайдың өзі Әл-Ауғанидің білімі мен танымына таңғалып, оны ұстаз деп ұлықтаған деген деректер кездеседі. 

Ауған ойшылдары Исламды заманға сай жаңғыртуды көздеді.


Пәкістанның рухани көсемі, реформатор Мұхаммед Лахоридің бір еңбегінде “Ауханстан Орта Азияның мистикалық орталығы, рухани діңгегі. Ауғанстан өркендесе Орта Азияның да бағы ашылады” деуі тегін емес”, – дейді тарихшы.  

...

Кеңестік идеология қазақтың табиғатын бұзған. Төңірегіне жаулықпен қарап, “адам адамға қасқыр” деген түсінікті санасына сіңдірген. Орыстан озық ұлт жоқ деп “тәрбиелеп”, өзгелеріне өштікпен қарауды үйретіп тастаған. 

Сөй деген Нәзира Нұртазина Қызыл империяның теперішіне төзбей жер аударған ата-бабамыздың қилы-қилы тағдырына тоқталыпты.

“Советтің зеңбірегі пен пулеметінен бас сауғалауға мәжбүр болған ата-бабамызды Ауған ұлты бауырына басып, панасына алған еді. Бөгдесімей, бөтенсімей бір үзім нанын үзіп бергенін қалайша ұмыттық?! Сол тұстары Ауған мен Қытай билігі шекараны тарс жауып тастап, кеудемізден кері итерсе қайтер едік? Млн-ға жуық қазақ қызыл қырғынның құрбаны болар еді”, – дейді тарихшы. 

Белое солнце пустыни...


Ғалым еліміздегі қос тілді аудиторияны орысшыл, ресейшіл көзқарастан арылуға шақырып отыр. Намазды Ресейге қарап оқығанды доғаратын кез келді деген ұстанымда.

Ксенофобия, расизм - қазақтың табиғатына жат, коммунизм идеологиясы бір кездегі текті ұлттың санасына күштеп, зорлап сіңдірген қауіпті синдром. 

Ал Ауғанстан таным-түсінігі тұрғысынан теріскейдегі көршімізге қарағанда әлдеқайда сауатты, өркениетті ел. 

“Америкамен әріптескен ешбір ел жаман болған жоқ. Американың құндылықтарын қабылдауға әзір мемлекет дамудың даңғыл жолына түседі. 

Ауғанстаннан келген студенттерге сабақ беремін. Тәрбиелі, мәдениетті, ой-өресі жоғары жастар. Иә, олар терең ойда жүреді. Көздерінде мұң бар. Туған жеріндегі трагедияны тоқтатуға бар күшін сарп етуге әзір”, – дейді ол.

Путинге керегі не?


Кеңестік идеология мен бүгінгі Путин пропагандасы үшін қазақтардың ауғандардан, қытайлардан, арабтардан ауаша жүргені тиімді. Орыстың арасында кең тараған еврейлер, чукчалар, ауғандарға қатысты анайы әзілдердің астарында мақсатты түрдегі кемсіту, қор санау пиғылы жатыр.

“90 жылдарға дейін Орталық арнадағы дикторлардың барлығы жирен шашты, көк көзді қыз-жігіттер еді. Совет киносындағы жүрекжұтқан батырлардың барлығы славян ұлтынан болды. 

Ал мұсылманды зорлықшыл, қылмыскер, қарақшы ретінде көрсетті. Бір ғана “Белое солнце пустыни” фильміндегі Абдулланың образын алыңыз. Мұның бәрі пропаганда! 


70 жылға созылған ақпараттық үгіт-насихаттың кесірінен біз төңірегімізге өшпенділікпен қарайтын жағдайға жеттік. Өзге дін мен өркениет өкілдерін қабылдағымыз келмейтін мінез қалыптасты. Біз идеология құрбанымыз”, – дейді тарихшы. 

Сөзінің тоқ етерінде, Нәзира Нұртазина қазақтың толеранттығы осындайда көрінуі керектігін айтып, атажұртында қуғын-сүргінге ұшыраған ауғандарды кеудеден кері итермеуге шақырды. 


Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x