Дана Нұржігіт депутаттық сауал жолдады

Dalanews 17 қаз. 2019 13:20 203

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Үкіметке арнап депутаттық сауал жолдады. Саясаттың «майданында» жүрген депутат қаракөл қойы тұқымының азайып бара жатқанына алаңдаулы екен.   

Өз кезегінде Дана Нұржігіт:

«Бүгінгі депутаттық сауалға Ұлттық арнада өзім жүргізетін «Дара жол» хабарының қонағы Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Х.Ы.Үкібаевтың сұхбаты себеп болып отыр.

Хабар барысында академик қаракөл шаруашылықтарының жағдайын, осы сала мамандарын алаңдатып отырған бірқатар мәселелерді айтқан еді.  Бұрын, 90-шы жылдардың басында қаракөл зауыты да, институты да тарап, 2,5 млн қаракөл басы жойылып кеткен», – деп өзекті мәселені қозғапты.

«Қаракөл» ассоциасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде Түркістан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда  өңірлерінде шоғырланған 32 шаруа қожалықтарында 100 мыңға жуық қана қой қалған.

Отандық қаракөл терісін өзімізде өңдейтін цех болмағандықтан, мамандар қойды сойып, етке ғана тапсырып жатыр.


Академиктің айтуынша, Кеңес дәуірінде валютаға сатылған қазақстандық көгілдір қаракөлді бүгін де өзімізден шығарып, ішкі, сыртқы нарықта өтімді тауарға айналдыруға әбден болады және бұл жұмыс басталған.

"2018 жылы сәуір айындағы Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасының аясында қаракөл шаруашылықтары да қолға алынып тері өңдейтін цехтер ашу  жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі таңда ол жоспар жүзеге аспай отыр", – дейді академик Үкібаев.


Осыған орай қаракөл шаруашылықтарын қолдау мақсатында:

-қаракөл қой тұқымын асылдандыру үшін асыл тұқымды аталықтардың тұқым қуалауын тексеру және әр аналық бастың есебін жүргізу;

- қаракөл шаруашылығында жұмыс істеймін деген жас мамандарды қолдау, оқыту;

-тері өндейтін цехтар ашуды ұйымдастыру;

- еліміздің қорғаныс саласындағы қызметкерлерге қысқы бас киім, сырт киім жағасына  қажетті қаракөл елтірісін өзіміздің отандық өнімнен тіктіру;

Ауыл шаруашылығы саласын көтеру үшін қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында қаракөл шаруашылығына байланысты жоғарыдағы келтірілген ұсыныстарды қарастыруыңызды сұраймын.

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27 - бабына сәйкес депутаттық сауалды қарап нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x