Жүн мен теріні қашанғы отқа жағамыз

Dalanews 09 қар. 2016 02:43 238

Оңтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығындағы шаруа қожалықтары қой жүніне сұраныс болмағандықтан, оны халық тонналап өртеуге мәжбүр. Тіпті бір кездері  алтынға бағаланған қаракөл елтірісіне де сұраныс жоғалғанын айтады, – деп хабарлайды 31 арна тілшілері.

Мал шаруашылығымен айналысатын Атығай Бекқұлов қойларын жылына екі рет қырқатынын айтады. Өйткені, тазалық малдың өсуіне дұрыс. Алайда оның екінші қиындық тудыратын жағы бар. Тау болып үйілген қой жүнін өртеуден басқа амал жоқ екен. Сұраныстың азаюуынан жекелеген шопандар шығыннан қашып, қойды қырқуды да азайтқан. Ал бұл жағдай малдың түрлі ауруға шалдығуына әкелетіні белгілі.

– Қойдың жүнін қырқамыз. Қырқамыз да, оны үйіліп тұрған жерінен тамақ істегенде отынмен арасына қосып жағып жіберемін. Еш жерде бұл жүн қабылдап жатқан адамды көрмедім, – дейді шаруа Атығай Бекқұлов.

Өз кезегінде тағы бір шаруа қожалығының иесі Зылиха Оспанова: «Басшылардан сұрайтынымыз мына сойылған тері, одан кейін қырқылған жүн жерде қалып жатыр. Соны алатын, өткізетін жер болса» деп назын айтты.

Сұраныстың жоқтығынан шаруалар оны өртеуге мәжбүр екендігін ауылшаруашылығындағылар да білетін болып шықты. Облыстағы 3 миллион 895 мың қойдың 30 мыңы ғана биязы жүнді қой. Сұраныс осыған ғана бар. Ал өндірілген 7 361,8 тонна жүн далаға тасталады екен. Өз кезегінде

ОҚО Ауылшаруашылық басқармасының мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бас маманы Оразтай Үсіпбаев:

– Тек қана биязы жүнді қойларға ғана үкімет тарапынан субсидия төленеді. 95 тонна жүн алынып, 130 теңгеден 12 млн 350 мың теңге шаруаларға төленген болатын, – деп жауап қатты.

Малдың терісіне келер болсақ қой жүнінің сапасына қарай елтірілік, тондық және былғарылық түрлері өндірілгені белгілі. Тонды айтпағанның өзінде биязы жүнді теріден елтірі шапан, бас киім, жаға тігілген. Оларды тіпті аң терілеріне сәйкестендіріп бояп, ішік тағы басқа бағалы елтірі бұйымдар жасаған.

Қазіргі базар сөрелерінде биязы жүнді қойдан тігілген киімдер бар, бірақ тек Қытайда шығарылғанын ғана кезіктіресіз.

– Тонның бағасы 165 мың теңгеге дейін жетеді. Төмендеу беруге де болады. Қытайда шығарылған. Ресейдің өнімдері қазір жоқ. Қазақстанда шығарылғаны тіпті кездеспейді.

Өңірде биязы жүнді екі ғана зауыт қабылдайды. Оның өзін де қажеттілікке қарай алады екен. Бұрындары келісі үш жүз теңгеге де жетпеген жүн бағасы биыл ғана алты жүзге әзер көтеріліпті. Өңірде өте көп саналатын қойдың қазақы түріне деген сұраныс әзірге болмай тұр.

 

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, Ержан СЕЙДӘЗІМОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x