Жаңатас тұрғыны Көкірекбаевтан көмек сұрайды

Dalanews 06 қаз. 2016 18:04 373

Бүгінде билік орындары үшін халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік мәселелерді ұшықтырмай шешуі маңызды.  Бірақ кейбір мекеме басшылары мұны жете түсінбей жүргені жасырын емес.

Күні кеше ғана редакциямыздың поштасына Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тұрғыны Елтай Тулағанов есімді азаматтан келген хат осы сөзімізге дәлел болады. Ол 15 жылдан астам уақыт Жаңатас қаласындағы «Айгүл» балабақшасында ән-күйден бүлдіршіндерге сабақ беріпті. Отбасылық жағдайына байланысты екі күнге балабақша меңгерушісінен сұранып, жұмыстан шығарылғанын айтып, мұңын шақты. Енді хатты қаз-қалпында берсек. Егер қарсы тарапты алып қосар ойы болса мархабат.

– Мен Елтай Тулағанов Эрмаханұлы төменде болған оқиға туралы мәлімдеймін. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы «Айгүл» балабақшасында ән-күй жетекшісі болып 2001 жылдан, яғни 15 жылдан бері жұмыс істедім. Үстіміздегі жылдың 22 қыркүйек күні отбасылық жағдайыма байланысты екі күнге ақысыз демалыс сұрап арыз жаздым. Өтінішімді балабақша меңгерушісі Жақаш Стамбекованың қолына бергенімде басшымыз «жүре беріңіз» деп өтінішімді алып қалды. Мен аптаның аяғы – бейсенбі, жұма күндері сұранған едім. Дүйсенбі күні жұмысқа келсем «жұмысқа шықпадың» деп менің өтініш жазғанымды мойындамай, жұмыстан шығарып жіберді. Енді не істерімді білмеймін, – дейді.

Егер арыз иесі баяндағандай оқиға орын алса, бұл барып тұрған бассыздық демеске шарамыз жоқ.  Балабақша меңгерушісі екі күн жұмыстан сұранған адамды бұлайша қудаласа, басқа жандардан не күтуге болады?  Бізге хат жолдаған Жаңатас қаласының тұрғыны Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаевтан әділетті шешім күтетінін айтты.

dalanews-zhanatas01

«Дау қуған бәлеге жолығады» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Өңір басшылары бұл мәселені өрістетпей, оң шешімін табуға ықпал ететініне сінеміз. Көпшілік қауымға бұл мәселе «Қала мен Дала» газетінің назарында болатынын ескертеміз.

 

«Қала мен Дала» газеті

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x