Нарымбаев? Билікке Ермектен бетер қатты сын айтып жүрген азаматтар бар

Dalanews 16 шіл. 2016 16:20 300

Саясаткер Әміржан Қосанов қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевтың Киевке кетуіне қатысты пікірін білдірген екен. Қосанов бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазады. 

Ол - әркімнің өз ісі. Ермек - өзінің нақты принциптері бар, биліктің бет-пердесін қорықпай ашып жүрген азамат. Бірақ, ол оңай адам емес, кейбір жағдайда, шынымды айтсам, оның қадамдарын түсінбеймін.

Бірақ, жалпы бағыты дұрыс: пікірін ашық айтады, елде ондай да "бұзықтар" болуы керек. Соттарына барып, қолдап жүргенім де содан.

Киевке кеткені - оның өз таңдауы. Бірақ, мені толғандыратын үш нәрсе бар.


Ол ана жақта билікке тым қатты сын айтса, осындағы отбасына салқыны тиіп кетпей ме? Мүмкін, отбасын да алып кеткені дұрыс болар ма еді. Сол кезде оның ашықтан-ашық күресуіне ешнәрсе қолбайлау болмас еді ғой.

Екінші жайт оның жеке басының қауіпсіздігіне қатысты: енді біздің билік оны сол жақта тауып, елге қайтарып, рұқсатсыз кеткені үшін (формальды түрде сот шешімі бар) қатаң жазаламай ма? Қаржыға зәру Украина билігі мұнайлы Қазақстанмен байланысын бір адам үшін бұза қояр ма екен?

Үшінші жайт - осы прецедент билікке сын айтып жүрген тұлғалардың арасына тағы бір сына қағып жатқан секілді. Бірі - қолдайды, екіншісі - даттайды, тағысын тағы дегендей. Ол да дұрыс емес.
Жалпы, "пәленше билікпен ауыз жаласқан, оппозицияға жіберген жансызы" деп, күстәналау үшін қолда нақты фактілер болуы керек! Қалған сөздің бәрі - далбаса!

Өздеріңіз білесіздер ғой, бүкіл оппозицияны біріктіруге үлес қосамын деп кезінде менің де шашым ағарды. Болмады. Сондықтан, да әрқайсымыздың жеке позициясы мен таңдауына мейлінше түсіністікпен қарайық.

Айтпақшы, ел ішінде билікке Ермектен де бетер қатты сын айтып жүрген азаматтар бар емес пе? Олар да сотталып, қиналып, жұмыссыз жүр, бірақ елден кетіп жатқан жоқ қой. Оларды сол үшін ғана құрметтеуге болады!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x