А. Мантай. Еуропалық өмірді қиялдау...

Dalanews 04 мау. 2016 07:57 219

Қараңғылық құшағына сіңіп бара жатқан автобустың терезесінен күнді ұясына шығарып сап, тыныштық құшағында мүлгіп тұрған орманға қарап қойып, кетіп барам. Мәскеу-Харьков бағытындағы халықаралық автобус болса да, ескілеу. «Кеңестік кезеңнің «шапағатын» көрген елдер «еуропалық өмірді» қиялдап, елесімен тағы да қанша жыл өмір сүреді екен?» деп ойладым.
...Осыдан екі жыл бұрын Стамбұлдан Измирге автобуспен бардым. Автобуста даяшы Измирге жеткенімізше шоколадпен, түрік тәттісімен, «тоқашымен» бес-алты рет шай берді. Егер шай ішкіңіз келмесе, «Goco-cola», «Fanta», болмаса, минералды не минералсыз сусын ішіңіз. Бәрі де билеттің ішіне кіреді. Әр жолаушының алдында планшет тұрады, қаласаңыз музыка тыңдап (әлемдік классика, не түрік әуендері), кино көріңіз, не интернетке кіріңіз. Автобус жап-жаңа, ыңғайлы, құдды өзіңізді ұшақта отырғандай сезінесіз. Измирге жеткесін біз автобусына мінген компания әрқайсымызды газельмен үйімізге апарып тастады. Измирден Стамбұлға қайтарымда сонда оқитын туған інім: «Түркияда бизнесмендер арасында үлкен бәсекелестік бар. Олар жолаушы үшін барлық жағдайды жасайды. Ертең осындай сағатта, осындай минутта үйдің қасындағы аялдамада тұрамыз. Компанияның газелі келіп, бізді автовокзалға жеткізіп тастайды» деді. Затымызды сүйреп, метромен жүргеніміз жоқ, не такси шақырып, шығынданғанымыз жоқ.
...Посткеңестік елдерге Түркиядағыдай жағдайға жету үшін қанша жыл керек? Бүгінде билікте отырғандар кезінде коммунизм туралы ертегі айтқан, ертегі тыңдап өскендер, әлде олар сол ертегіні басқаша түрлендіріп, әртүрлі нұсқасын айтуды жалғастыра бере ме?
Украиндар Харьковке саяхаттап бара жатқанымды естіп, бірінен кейін бірі қаланың мен көруге тиіс жерлерін айтып, кеңес беріп жатты. Автобустағы көршім өз қаласынан жұмыс таппағасын Мәскеуде жұмыс істеп, жан бағып жүр екен. Артымда отырған екі әйел де Мәскеуде жұмыс істейді екен. Украиндық акцентпен сөйлейтін еркек дауысты әйел: «Орыстарды жамандаймыз, бірақ Мәскеуде жұмыс істейміз. Орыстарды ұнатпаса да, Мәскеуде жұмыс істеп жатқан украин көп» деді.
Шекарада ұзақ тұрғаннан шаршаған жұрт әйелдің сөзін естісе де, онымен пікір-таластырмады. Әлде көп сөйлейтін, мінезді әйелмен ешкім сөзге келгісі келген жоқ.
Есіме Мәскеуде оқитын украин қыздың «Мені кейбір достарым «сатқын» дейді екен. Сонда мен Мәскеуде білім алып жатқаным үшін сатқынмын ба?» деп мұңайғаны түсті. Мәскеуде оқып, жұмыс істеп, нан тауып, бала-шағасын асырап жатқан украиндардың ешқайсысы да сатқын емес. Олар бар болғаны тоғышар шенеуніктердің құрбаны.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x