Шаханов мырза, Сіз сын сағатта тұрсыз!

Dalanews 28 мам. 2016 09:02 232

 

Бүгін Үкіметтің жанынан құрылған жер комиссиясының үшінші отырысы өтіп, олар жерді шетелдіктерге жалға беру-бермеу мәселесін талқыға салды. Ақпараттарға қарағанда, комиссия мүшелері өз пікірлерінде қалған. Бірінші отырысында жерді сату мен шетелдіктерге жалға беру мәселесін дауысқа салғанда 70 адамның 11-і ғана қарсы дауыс бергенін білеміз. Қазір сол 11 адамның ішіндегі ең белсендісі, «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі Мақсат Ілиясұлы қамауда отыр. Қалған 10 адамның қаншауы сөзінен тайқып, райынан қайтқанын біз білмейміз.

Осы 10 адамның ішінде қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов бар болуға тиіс. Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың пікіріне жүгінер болсақ, бұл комиссия ештеңені шешпейді. Тек талқылау, елдің сөзін тыңдаумен және содан шыққан қорытындыны Парламентке ұсынуға қауқарлы. Негізгі түйінді Парламент қояды. Дұрыс делік. Сөз ауандарына қарағанда, комиссия дауыс беру арқылы жердің сатылу және шетелдіктерге жалға берілуіне, одан басқа да көптеген сұрақтарға жауап бермек. Біздіңше, комиссияның негізгі құрамы билік өкілдері болғандықтан, олар бәрібір жерді сатуға және жалға беруге мүдделілік танытады.

Бұған қазірдің өзінде облыстарды аралап, халықпен кездесу өткізіп жүрген комиссия мүшелерінің айтқан сөздері дәлел. Күні кеше Қызылорда облысына барған комиссия мүшелері жерді сатуды әрі жалға беруді қолдайтынын ашық айтқанын «Азаттық» сайты жариялады.

Демек, енді негізгі күш комиссия құрамындағы Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан, Жанұзақ Әкім, Айдос Сарым, Дос Көшім секілді азаматтарға түседі және олардың табандылығы ауадай қажет. Егер олар сөзінен тайқыса, халықтың тілегін емес, биліктің уәжіне иек сүйесе, онда тарих алдында да, халық алдында да ақтала алмайды.

Әсіресе, жұртшылық, қарапайым ауыл тұрғындары Шахановқа өлердей сенеді. Ол кісінің дәл осы жолы табандылық танытарына сенімдері мол.

Егер бұрынғы ұраншылдығымен кетіп, соңына дейін күресе алмаса, жерді шетелдіктерге жалға беруге мүлдем қарсы болып, өз позициясында тұра алмаса, қалайда қазақ жерін келімсектердің қолына бермеу үшін күреспесе, онда қарапайым халық басқадан бұрын, Шахановты кешіре алмасы анық.

Біз Арал, Желтоқсан, Тіл мәселесіндегі Шахановты емес, Жер мәселесіндегі Шахановтың батылдығын; айғайшылдығын емес, табандылығын, комиссия отырыстарындағы популистігін емес, шынайы өткір мінезділігін көргіміз келеді. Бір-ақ жол бар: жерді шетелдіктерге сатуға болмайды. Елдің ойы – осы!

Егер, алда-жалда Шаханов жалт берер болса, онда оны біздің халық, мына біз ешқашан кешірмейміз. Себебі, билік райынан қайтар емес. Олардың бар ойы жерді сату және жалға беру. Шаханов секілді жұртты соңынан ерте алатын адамдар осындайда қолынан келгеннің бәрін жасауы керек.

Шаханов мырза, Сіз тарих алдындағы сын сағатта тұрсыз! Бұл сын сағат бұрынғысынан бөлек! Қазақ болу мен бордай тозудың шегінде тұр. Біз Сізге сенеміз! Сенімімізді ақтайды деген үміттеміз.

Құрметпен Тілеубек Оспан, зейнеткер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x