Қайталанбас Гоген

Dalanews 11 сәу. 2015 04:51 145

ГогенҮлкен шығармашылық туындыларды табиғатынан өте дарынды, білімді, болмысы ерекше адамдар жасайтынын бәріміз білеміз. Бірақ... қай ғасырда, қай дәуірде, қай уақытта болсын, сол талантты, интеллектуал, болмысы күрделі шығармашылық иелері жанкешті болмаса, бәрі бекер. Менің Поль Гогеннің жанкештілігіне таңғалмасқа шарам жоқ. Қоғамы «сындырғысы» келсе де, сынбаған, өз талантына ерекше сенген, өзінің сурет өнерінде «төңкеріс» жасайтынына шексіз сенген оған деген құрметім ерекше. Дәулетті отбасында дүниеге келген, есейгеннен кейін биржада маклер болып, миллиондаған табыс тауып, ақсүйектер ортасында зор құрметке ие болған, бес баланың әкесі Поль бір-ақ күнде бәрінен бас тартып, суретші болғысы келді. Шабыт іздеп, әлемді шарлап кетті. Әрине, сурет өнерінде аты жоқ суретшінің картиналарын ешкім сатып алмады. Жоқшылықтан жеңілді, дүниені кезіп келген кезбе суретшіні әйелі үйіне кіргізбеді. Балалары да теріс айналды. «Біз нан таппай аш отырғанда қайда едің? Бәрін қойшы, есейген балаңның өліміне сен кінәлісің. Егер сен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінгенде, ашықпағанда, ауырмағанда, күйзелмегенде ол өлмес еді» деген әйелінің кінәлауы оның жүрегіне қанжар болып қадалды. Кешегі миллионер арзан барларды жағалаған алқашқа айналды. Жо-жоқ, ол – қоғамы танығысы келмеген, мойындағысы келмеген ұлы суретші.

Әйгілі суретші Ван Гог оның, Поль Гогеннің әлемді мойындататын суретші екенін білді. Бірде Польмен сөйлесіп отырғанда қатты қызбаланып кеткен Ван Гог өз құлағын кесіп тастады. Бүгінгі күнде неміс өнертанушылары «Ван Гог өз құлағын өзі кескен жоқ, оның құлағын досы Поль Гоген кесті» деп жатыр. Менің бір білерім: олар екеуі де табиғат ерекше жаратқан дарынды еді, нағыз талант қана нағыз талантты мойындайды.

Аягүл Мантаева, жазушы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x