Cоңғы жаңалықтар
Back

Елордада медициналық туризм қарқынды даму жолына түсті

Астана медициналық туризмді дамытуда, ішкі және сыртқы, оның ішінде күрделі ем алу үшін үлкен әлеуетке ие. Бұл саланың елордада қалай дамып жатқаны туралы қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астананы дамыту орталығы» ЖШС медициналық туризмді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Дарина Демян айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медициналық туризм – бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының перспективалы бағыттарының бірі, оны ілгерілету бірінші кезекте елордаға да, жалпы республикаға да туристік ағымды ұлғайтуға, денсаулықты жақсартуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететін болады.

– Медициналық туризм бойынша елордағы келетін шетелдіктердің 90%-ын ТМД елдері, яғни, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары құрап отыр. Қалған 10% – Қытай, Иран, Беларусь азаматтары. Елордадағы медициналық ұйымдардың негізгі артықшылықтары – заманауи медициналық технологияларға және жаңа объектілерге қол жеткізген. Бұдан басқа сапа стандарттары, медициналық қызметтердің қолайлы құны, ТМД елдерінің азаматтары үшін тілдік кедергінің болмауы, дамыған туристік инфрақұрылымның болуы негізгі қозғаушы күш болып отыр, – деп атап өтті спикер.

Егер баға бойынша салыстырмалы талдау жасалса, онда жүректі айналып өту хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе арзан, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан.

Бүгінгі таңда Астанада медицинада «алтын стандарт» болып саналатын JCI халықаралық аккредитациясын алған 7 клиника бар. Олар – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы («University Medical Center» корпоративтік қоры), «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» («University Medical Center» корпоративтік қоры), Балаларды оңалту ұлттық орталығы («University Medical Center» корпоративтік қоры), Республикалық диагностикалық орталық («University Medical Center» корпоративтік қоры), Ұлттық нейрохирургия орталығы, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы және «UMIT» халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы.

– Медициналық туризмді дамыту аясында «Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығы» ашылған. Оның басты мақсаты жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристер арасында медициналық туризмді дәріптеу үшін медициналық ұйымдар мен туристік сала өкілдерін біріктіру болып саналады. Пациенттермен жұмыс бойынша сервис-менеджментті дамыту және госпитальдық сервис сапасының стандарттарын арттыру үшін халықаралық спикерлерді тарта отырып, медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін курстар, семинарлар және шеберлік сыныптары өткізілді, – деп толықтырды Дарина Демян.