НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Dalanews 18 желт. 2014 22:29 307

20141210_164346Дәрігерге тағылар мін, айтылар сын көп. Дәрігер кемшілік жіберсе, ол бүкіл жұртқа жария болады. Бұған кейбір рейтинг қуған телеарналардың кешкі жаңалықтары да өз үлесін қосып отырғаны жасырын емес. Әлбетте, кемшіліксіз дүние болмайды. Өз жұмысына жауапсыз қарайтын дәрігерлер бар. Алайда таяқтың екі ұшы болады. Арамызда өз кәсібіне адал «ақ халатты абзал жандар» аз емес. Бұған біз Маңғыстау облыстық ауруханасына ат басын бұрғанда анық көз жеткіздік.

Нақтырақ айтсақ облыстық ауруханаға қарасты кардиохирургиялық орталықтың жұмысымен танысып қайттық. Орталық осыдан екі жыл бұрын қыркүйек айында ашылған екен. Ал биылғы жылдың шілде айында орталық дәрігерлері жаңа «Г» блогына көшіпті. Аурухана басшылары бізге осы блогты толықтай таныс етті.

Алайда бұл туралы айтпас бұрын алдымен өңірдегі ең ірі аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етелік. Медициналық мекеме 365 адамды қабылдай алады. Әзіргі күні мұнда 150-ге жуық дәрігер қызмет етуде. Маңғыстау облыстық ауруханасы директорының орынбасары Маржан Нұрланованың айтуынша мекеме 4 орталықты біріктіріп отыр.  Атап айтсақ, бұл – кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, соматикалық және хирургиялық орталық. Бұлардың әрқайсысының өз бөлімшелері бар. Айта кетелік, биыл өңірге 50-ге тарта жас маман келген. Олардың көпшілігі қалалық, аудандық деңгейдегі ауруханаларға орналасқан. 
– Өңірге жас мамандарды тарту үшін ең алдымен әлеуметтік пакеттің болғаны маңызды. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Болашақта біз ауруханамызға шақырту алған жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ететін боламыз, – дейді Маржан Нұрланова.  

[caption id="attachment_8478" align="alignleft" width="387"]20141210_172324 Кардиохирургиялық орталық 15 төсек-орынға арналған.[/caption]

Ал алғаш 2009 жылы «Кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек бағдарламасы» аясында бөлімше ретінде ашылған кардиохирургиялық орталық 15 төсек-орынға арналған екен. Орталық өз құрылымына кардиология-аритмология,  қан тамырларының патологиясы, кардиореанимациялық, кардиооперациялық блок және сауықтыру бөлімшесін біріктіріп отыр. Қазір мұнда Астанадан, анықтап айтсақ Ұлттық кардиохирургиялық орталықтан шақырту алған 20-ға тарта (оның ішінде 5 кардиохирург) білікті маман жұмыс істейді.

Құрылғалы бері мұнда 1000-ға жуық кардиохирургиялық ота жасалған. Оның ішіндегі 50 операция 1 жасқа жетпеген балаларға жасалғанын бөлек айта кетейік.

 30 баланың өмірін құтқарған...

[caption id="attachment_8476" align="alignright" width="334"]20141210_183028 Тимур Өтеғалиев[/caption]

Балаға ота жасауға тіпті тәжірибелі хирургтердің өзі бата бермейді. Бұл үшін дәтің берік, жүйкең шыдамды болғаны маңызды. Аталған орталықтың кардиореанимация және кардиоота бөлімінің меңгерушісі – Тимур Өтеғалиевке Маңғыстау тұрғындарының айтар алғысы шексіз. Тимур соңғы 2 жылда жүрегінде ақауы бар, былайша айтқанда ажал аузында тұрған 30 нәрестеге ота жасап, аман алып қалыпты! Еңбегі елене бермейтін, ал кемшілігі болса бірден көзге түсетін дәрігердің арасында да өз кәсібіне адал азаматтар баршылық екеніне бұл жолы нақты көз жеткіздік.

Ал Тимур Кенжешұлы «отандық кардиореанимацияның шешімін табуға тиісті түйткілді мәселесі» көп дейді.

– Біріншіден, елімізде кардиореаниматологтар жетіспейді. Ал бұл бағыттағы мамандардың барлығы бірдей білікті емес. Жалпы мұндай маман жасап шығару оңай емес. Университетте алған білімі өз алдына, дәрігердің өзін санатын қарай бөлетін болсақ, білікті кардиохирургты дайындап шығу үшін 10 жыл кетсе, кардиореаниматологтарға 15 жыл уақыт қажет, – дейді ол.

 Дәрігер Пяның шәкірттері

[caption id="attachment_8477" align="alignleft" width="301"]20141210_165351 Жеңіс Қозыбаев[/caption]

Кардиохирургиялық орталыққа Жеңіс Қозыбаев басшылық етеді. Оның айтуынша, жаңадан ашылған «Г» блогы заманауи медициналық технологиялармен жарақтанған. Мұнда операциялық, реанимациялық блок, тыныстап, демалуға арналған ыңғайлы бөлмелер және орталықтың өз асханасы бар. Жаңадан ашылған блогтың аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Операциялық блоктың өзі 10 залды біріктірсе, реанимациялық блок 16 төсек-орынға арналған.

– АҚШ-та кардиохирургия жетік дамыған. Сол себепті ауруханадағы, оның ішінде орталықтағы медициналық құрылғылардың барлығы Америка технологиясы. Әрбір науқастың алдында оның қан қысымын, жүрек қағысын бақылайтын және тыныс алуын жеңілдететін құрылғылар тұрады.  Жақында ғана құны 250 млн. теңге тұратын «Ангиограф» құрылғысын сатып алдық. Ендігі жерде жүрек-қан тамырлары операциясын осы құрылғының көмегімен жасайтын боламыз, – дейді Жеңіс Болатұлы.
Ілгеріде біз орталықта жұмыс істейтін дәрігерлердің барлығы Астанадан шақырту алған білікті мамандар екенін айтқан едік. Соның бірі – Жеңіс Қозыбаев. Атақты кардиохирург, Ұлттық ғылыми кардиохиругиялық орталықтың төрағасы Юрий Пяның шәкірті.  

– Кей кездері дәрігерлер пара алады, коррупцияның бір ұшы осыларда жатыр деген пікірді жиі естимін. Мысалға, біз халықпен етене жұмыс кәсіптің иелеріміз. Кей кездері көрсеткен қызметіңе ризашылық танытқан азаматтар бір қорап кәмпиті мен шарабын пакетке салып жұмыс орныңа әкеп қойып кетеді. Біз емделушілерден «әлдене алып кел, дәметіп отырмыз» демесіміз анық қой. Меніңше, бұл халықтың көңілі, көрсеткен қызметіңе айтқан риясыз алғысы. Біз өз арамызда мұны «врачпакет» деп атаймыз. Өз басым Юрий Пяның шәкіртімін. Пара алып жатқанымды көрсе, ол мені екі сөзге келмей жұмыстан шығарып жіберер еді. Юрий Владимирұлы «бірінші кезекте емделушінің жағдайына назар аудару қажет» деген қағиданы құлағымызға құйды. Мен үшін бұл бұлжымас байлам», – дейді Жеңіс Қозыбаев.

 Сөз соңында айтарымыз Маңғыстау облыстық ауруханасында «ақ халатты абзал жан» деген атқа лайықты азаматтар жұмыс істейді екен. Біз бұған анық көз жеткізіп қайттық.

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x