Елордалық болашақ ана: «Pfizer вакцинасын алғаныма қатты қуандым»

Dalanews 15 қар. 2021 16:08 249

Бүгін елордалық мектептер мен медициналық ұйымдарда тұрғындардың белгілі бір контингентін Pfizer препаратымен вакцинациялау басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вакцинацияны алғаш болып алуға ниет білдіргендер арасында жүкті әйелдер, емізетін аналар мен балалар бар.

– Қазақстанға Pfizer препараты жеткізілетінін білгенде, аяғым ауыр болатын. Екпе алатындар қатарына іліккеніме қатты қуандым. Вакцинация өз денсаулығыңызды да, жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын да қорғауға мүмкіндік береді. Соңғы мәліметтер бойынша, балалар мен жүкті әйелдер коронавируспен жиі ауыра бастады. Өз басым денсаулық пен қауіпсіздікті қолдаймын! – деп бөлісті Гүлфайруз Ысқақова.

Осыған ұқсас пікірді аяғы ауыр (16 апта) қала тұрғыны Әсел Адамова жеткізді.

– Біздің еліміз ғана емес бүкіл әлем бұл вируспен қанша уақыттан бері күресіп келеді. Қауіпке жүкті әйелдер де, кішкентай балалар да ұшырай бастады. Жаңа өмір есігін ашатын баламның денсаулығы да, өз денсаулығым да маңызды. Сол себепті екпе алуға келдім. Екпеден қандай да бір қауіп көріп тұрған жоқпын. Мен үшін алдын алу мен қорғану әлдеқайда маңызды. Ең қорқынышты ауырып қалып, алда не күтіп тұрғанын білмеу. Мен бәрін екпені тезірек алуға шақырамын, – деді болашақ ана.


Ал 17 жастағы Торежан Тұрсын екпе алу туралы шешімді бірден қабылдапты.

– Осы жазда отбасымызбен ауырдық. Ауруды өте ауыр өткіземіз деп ойламаған едім. Көп ұзамай оқуым басталды, оффлайн оқуға шықтық. Егер вакцинацияланбасам, ағзамды қорғамасам, қайтадан ауырып қалуым мүмкін екенін білемін. Екпе алудан қорыққан емеспін. Мен үшін ең қорқыныштысы – қайта ауыру, – дейді студент Төрежан Тұрсын.

Сондай-ақ, бүгін №75 мектеп-гимназияның медициналық пунктіне 15-17 жас аралығындағы алты жасөспірім екпе алуға келді. Олардың айтуынша вакцина ғана адамды вирус жұқтырудан қорғай алады.

Естеріңізге сала кетейік, елорда бойынша Pfizer препаратымен вакцинациялауға жататындар арасында 5 мың жүкті әйел, 28 мың бала емізетін әйел адам, сондай-ақ 63 мың бала бар. Осы санаттағы адамдарға тек медициналық ұйымдарда және қаланың білім беру мекемелеріндегі медициналық пункттерде ғана вакцина ала алады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x