Cоңғы жаңалықтар
Back

«Verum» серіктестігі Арыста заманауи медициналық кешеннің іргетасы қаланды

Қала және ауыл тұрғындары үшін медициналық қызмет сапалы және қолжетімді болуы қашанда маңызды. Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округінің Саналы елді мекенінде заманауи талапқа сай медициналық емдеу-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы құны құрал-жабдықтарымен қоса есептегенде жарты миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба – Арыс қаласы әкімдігі мен «Verum» медициналық компаниясының өзара бекіткен меморандумы аясында жүзеге асады.

Кешеннің іргетасын қалау рәсіміне Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихаттың хатшысы Амантай Байтанаев, «Verum» ЖШС компаниялар тобының басшысы Әлішер Есмағанбетов және жергілікті тұрғындар қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Медицина саласына инвесторларды тартып, озық технология мен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» деген болатын. Осыған орай, қаржысын ауылға құйып, Арыс қаласына қарасты елді мекенде сапалы медициналық қызмет көрсетем деген инвесторларға біз әркез қолдау көрсетуіміз керек. Нәтижесінде, халықтың денсаулығы нығайып, өмір сүру сапасы жоғарылайды, – деді қала әкімі Г.Құрманбекова.

Жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайтын кешенде алғашқы медициналық көмек пен күндізгі және тәуліктік стационар, оңалту орталығы, институт пен колледж студенттері үшін медициналық база орналасады. Ең бастысы, жоба аясында кемі 100 жергілікті азамат жұмыспен толық қамтамасыз етіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, мұндай клиника өңірде алғашқылардың бірі болып салынып жатыр. Заманауи кешен пайдалануға берілген соң, тұрғындарға компьютерлік томографиядан өту үшін Түркістан мен Шымкентке барып әуреге түспейді. Сонымен қатар, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтің игілігін Арыс тұрғындары ғана емес, көршілес Ордабасы ауданының тұрғындары да көретін болады.

Тағы оқыңыз:

Ірі қара малдың саны артты