Cоңғы жаңалықтар
Back

Алматыдағы кәсіпорындардың ұжымында 15 шілдеден бастап екпенің бар-жоғы тексеріледі

Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қауіпті індеттің адамның бойындағы ауруды асқындыратынын, сондықтан ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина салдыру қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қазіргі кезде қаланың екпе пункттерінде коронавирустың мутацияланған штаммдарына қарсы вакциналардың жеткілікті саны бар екенін хабарлады.

– Біз коронавирус дертінің өршуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қала әкімдігі, медициналық қауымдастық, санитарлық қызметтер жағдайды тұрақтандыру үшін барлығын жасауда. Қауіптің алдын алу үшін  қала тұрғындарына вакцина қажет. Бұл – вирустан қорғанудың және оған қарсы тұрудың жалғыз жолы, – деді Ж. Бекшин.

Енді жаңа қаулыға байланысты барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелер ұжымдарын вакциналау басталды.

Ж. Бекшин 15 шілдеден кейін мониторинг топтарының ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ұжым мүшелеріне вакцина міндетті түрде салынуы тиіс мекемелердің барлығының тексерілетінін ескертті.

Еске салсақ, 1 ақпан мен 2 шілде аралығында Алматыда 487 736 адам вакцина алды. Өткен тәулікте 15 292 адам екпе салдырды. 60 жастан жоғары вакцина алғандар саны 81 202 адамды құрайды.

Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да 211 вакцина пункті жұмыс істейді. Құрамында 1 257 адам бар 304 екпе бригадасы жұмыс жасауда.

Тағы оқыңыз:

Бекшин алматылықтар коронавирустың қай штамын көп жұқтыратынын айтты