Back
| DalaNews

Биыл Алакөлде демалыс қалай ұйымдастырылады?

Шығыс Қазақстан облысында алдағы туристік маусым қалай өтетіні мәлім болды. Алдағы уақытта өңірдегі қонақ үйлер, демалыс үйлері, туристік базалар мен санаториялық-курорттық ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып, «сары» аймақта жұмыс істей алады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн баспасөз конференциясы барысында ШҚО ССКД басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина 2021 жылғы жазғы демалыстың басталуына қойылатын талаптарды атап айтты.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, «сары» және «жасыл» аймақтағы қонақ үйлер мен демалыс базаларының, санаториялық-курорттық ұйымдардың қызметіне рұқсат етілген.

Алдағы туристік маусымға ШҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстың туристік аймақтарында індеттің алдын алу жөніндегі шараларды айқындайтын арнайы қаулы шығаруды жоспарлап отыр.

| DalaNewsҚаулы жобасына сәйкес туристік және рекреациялық аймақтарда орналасқан демалыс және тұруға арналған орындардың иелері шектеу шаралары жағдайында жұмысқа әзірлік актісін алуға тиіс, содан кейін барып жұмысқа кірісуіне болады. Бұл құжатты мониторингтік топтың объектіні тексеру нәтижелері бойынша аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы береді.

Сонымен қатар, үй иелері www.infokazakhstan.kz сайтынан электрондық форматта берілетін санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуы қажет.

Вирус өршіп тұрған аймақтардан келген туристтерде COVID-19-ға тапсырылған ПТР-сынаманың теріс нәтижесі болуы тиіс.

Бұл ретте, егер азаматта сынаманың теріс нәтижесі болса, онда оның қасында еріп жүрген бес жасқа дейінгі балалардан ПТР-сынама талап етілмейді. Демалысқа келген бір отбасы мүшелерінде тек 1 сынама нәтижесі болса жеткілікті.

Сондай-ақ, демалыс орындарының толтырылуы 80 пайыздан аспауы тиіс. Келушілердің жартысы ғана бір уақытта тамақтану орындарына кіре алады. Шеткі үстелдердегі орындықтар арасындағы әлеуметтік арақашықтық бір жарым метрден кем болмауы қажет.

Бұдан бөлек, суға түсу орындарын қоспағанда, барлық қоғамдық орындарда маска режимі және әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталады.

– Қаулы жобасы қазір ШҚО әкімі аппараты мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне келісуге жолданды. Егер Шығыс Қазақстан «қызыл» аймаққа өтетін болса, онда карантиндік шараларды одан әрі қатайтуға болады, – деді Сәуле Сләмғазина.

Тағы оқыңыз:

Елімізде ядролық медицинамен диагностикалайтын алғашқы орталық Семейде ашылды