Түркістан: Биыл Медициналық сақтандыру қоры 130,6 млрд теңгенің келісім шартын бекітті

Dalanews 21 қаң. 2021 10:46 266

Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы 81 медицина ұйымдарымен 130,6 млрд теңгенің келісім шартын бекітті. Тиісінше өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайызға артқан. Қаржы - кепілдендірілген тегін медициналық көмекке (ТМККК) және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтерге бағытталады. Бұл жөнінде қордың филиал директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдейді.

Оның айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға келісінген 81 медициналық ұйымның 40-ы  жекеменшік клиника.

«Облыс тұрғындарының 86,4 пайызы (1 764 157) медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар. Жалпы 3 жылдан астам уақыт ішінде Түркістан облысынан түскен сома көлемі 12,6 млрд теңге. Оның ішінде, 9,2 млрд  теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 3,5 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұрғындарға тиесілі. Ал, өзін өзі жұмыспен қамтығандар 52 015 теңге бірыңғай жиынтық төлемін төлеген», – деді, Асхат Асанұлы.

Айта кетерлігі, егерде азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса, жарна төлеуші санатына қарай МӘМС үшін ай сайын төленетін жарна мөлшерін анықтап алуы керек. Мәселен, жеңілдігі бар 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Биылдан бастап, жалдамалы жұмыскерлерге – жұмыс беруші бухгалтериясы жалақының 2%-ы мөлшерінде және жалақы қорынан 2% мөлшерінде, жалпы Қорға 4% төлем жасайды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде (ЕТЖ 2021 жылы да 42 500 теңгені құрайды, сондықтан төлем мөлшері бұрынғыдай  – 2975 теңге) төлем жасайды. Ал азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – табысының 2%-ы мөлшерінде, ең жоғарғы төлем 8500 теңге төлем жасайды.

Өзін-өзі  жұмыспен  қамтығандар  үшін МӘМС жүйесіне қосылудың екі жолы бар. Біріншісі – «өз бетінше» төлеуші ретінде. Жарна - ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Яғни – 2 125 теңге төлейді. Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) - 2917 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК - 1458,5 теңге. Сақтандыру пакетіне енген қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ соңғы 3 айда үзіліссіз төленуі тиіс.


Бұдан өзге, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 721 қаулысына сәйкес, ШОБ үшін жеңілдік кезеңі 2020 жылдың 1 қазаннан 2021 жылдың қаңтар айына дейін туристік қызметте, қоғамдық тамақтандыруда, қонақ үй бизнесінде, ірі сауда объектілерінде, кинозалдар, театрларда, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарында,  тамақ өнімдерін және  дәрі-дәрмекті өткізуді, көлік қызметін көрсетуге ұзартылған болатын. Қазіргі таңда жеңілдік кезеңі аяқталды. Бұл субъектілер биылғы жылдың басынан бастап МӘМС жарналары мен төлемдерін төлей бастайды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x