Алматы облысында инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 28% құрайды

Dalanews 03 желт. 2020 07:48 203

Алматы облысында соңғы деректерге сәйкес коронавирус инфекциясына шалдыққандардың саны 5800 ге жетіп отыр. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.

Соңғы аптада облыс аумағында 202 адамның кеселге шалдыққаны анықталған. Олардың ішінде Еңбекшіқазақ – 24, Жамбыл – 9, Қаратал –19, Көксу – 7, Панфилов – 8, Талғар – 40, Ұйғыр ауданы –17,  ал Текелі қаласында 14 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, бір тәулікте 24 жанның короновирустық инфекцияны жұқтырғаны белгілі болған. Салдарынан індеттің өсу деңгейі 0,4% құрап отыр.

– Алматы облысы емхаларындағы инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 28%, провизорлық орындарда 31,5% құрайды. Оқу жылының басынан бері оқушылар арасында сынама нәтижесі арқылы 67 жағдай тіркелді, – дейді Алматы облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев.


Айта кету керек, өңірде карантин шараларының бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктер жанында 268 мониторингтік топ жұмыс істейді, іс-шараларға, адамдардың жаппай жиналуына тосқауыл қою үшін рейдтік тексерулер жүргізіледі.

Эпидемияға қарсы шараларды күшейту шеңберінде және коронавирустық инфекцияның (COVID-19) эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, республикада және облыс аумағында Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас Алакөл ауданында,  онымен қатар Текелі қаласы мен Ұйғыр және Қаратал аудандарында санитарлық бекет орнатылды.

Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, карантин шараларын ұмыт қалдырған кезде аймақтағы жағдай бірден өзгеріп кететінін есте сақтаған абзал.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x