Дәрігерлер байқаусызда марганцовка ішіп қойған 3 жасар баланың өмірін сақтап қалды

Dalanews 12 там. 2020 09:31 275

Шымкентте дәрігерлер марганцовка ішіп қойған 3 жасар баланың өмірін аман алып қалды. Химиялық сұйықтық ішіп қойған үш жасар бала 8 тамыз күні ауыр халде Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдеммен жеткізілген.

Дәрігерлер марганцовка ішіп қойған бүлдіршіннің ауыз қуысы толықтай күйіп қалғанын байқаған.  Химиялық күйік шалған баланың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, реанимациялық көмек көрсетті.

Анасының айтуынша,  балақай үйде ойнап жүріп бір  құтыдағы марганцовканы ішіп қойған. Өз кезегінде дәрігерде улы сұйықтық ішіп қойған бала  ауыр дәрежедегі токсикалық әсер алғанын растады.

Жансақтау бөлімінде көрсетілген үздіксіз емнің арқасында  бүлдіршіннің жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Қазір үш жасар бала  токсикалогиялық бөлімшеде ем алуда.


Мамандар, он жыл бұрын ішкі құрылысы күйген балалардың 80 пайызын өлім аузынан аман алып қалу қиын екенін алға тартты. Қазір еліміздегі медицинаның дамуына байланысты мұндай жағдайға тап болған бүлдіршіндердің өмірін сақтау қалуға мүмкіндік арта түскен. Десе де, ол ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін ең төмендетпеуі тиіс дейді мамандар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x