Коронавируспен күреске 1,6 миллиард теңге бөлінеді

Dalanews 31 қаң. 2020 05:30 232

Бүгінде елімізде 38 адам коронавирус күдігімен ауруханаларда тексеріліп жатқанын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Дәрігерлер емханада жатқан 38 адамның өн-бойында коронавирус белгілері жоқ екеніне көздері жеткізше ауруханадан шығармайтындарын айтуда.

Ел Үкіметі қауіпті вирустан сақтық шараларына қосымша миллиардтап қаржы бөлмекші.

Елжан Біртановтың айтуынша, осыған дейін барлығы 54 адам күдікке ілінген. Соның 16-нан еш қауіп белгісі табылмай, үйіне жіберілген. Әлемге қауіп төндіріп тұрған беймәлім вирусқа байланысты елімізде мемлекеттік деңгейде арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген.


Қазір Қытайдан келетін азаматтарға айрықша санитарлық тексеру жүргізілуде. Олар елге келгеннен кейін де толық бақылауға алынуда.

Ал жоғарыда айтылған 38 адам ауруханаларда барынша оқшауланған.

– Барлық науқастардан ерекше лабораториялық анализ алынды. Қазір диагностика өткізілуде. Алматы қаласында орналасқан аса қауіпті инфекцияларға байланысты ұлттық ғылыми орталығының негізінде және ұлттық биотехнологиялық орталық мамандарымен бірге арнайы генетикалық диагностика басталды. Үкімет басшысының тапсырмасымен қосымша қорғаныш заттары алудамыз. Оған Үкімет қазынасынан қосымша 1,6 миллиард теңге бөлінген. Егер халық арасында науқас пайда болып, оларға медициналық көмек керек болса, қажетті қаражат та, керек заттар да дайын. Сонымен қатар, коронавирусқа қатысты мәлімет күнделікті жаңартып отырмыз, – деді Елжан Біртанов.


Министр бүгін түс қайта жаңа ақпаратпен бөлісетіндерін де алға тартты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x