Шығыс Қазақстан роботталған жүйемен операция жасаудың орталығына айналады

Dalanews 03 сәу. 2018 08:51 303

Қазақстанда роботталған жүйені қолданған тұңғыш хирургиялық операция Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханада жасалды. Бұл – тіпті елімізді қойып, Орта Азиядағы осындай бірегей операция. Отандық медицина тарихында айтулы рөлі бар бұл оқиғаға дайындық көп уақыт бұрын басталған болатын.



Білікті маманнан үйренер дүние көп

Алғашқы отаны жасауға Италиядан арнайы шақырылған доктор Стефано Джидаро Габриэле д’Аннунцио университеті клиникасының профессоры, Миландағы «Тrans Enterix» фирмасының хирург кеңесшісі. Ол бірнеше апта бойы біздің дәрігерлермен алдағы операцияның жай-күйін талқылап, пациенттерді іріктеу жұмыстарымен айналысыпты.

– Бүгін әріптестеріммен ота барысында қалай жұмыс істейтінімізді анықтап аламыз. Өйткені роботталған хирургияда ең маңыздысы – командалық жұмыс. Әр мүшесі өз әрекетін нақты түсінуі керек. Бірінші хирург қашықтықта жұмыс істейді. Ол пациенттің үстелінің жанында тұрған көмекшісінің өзінің берген нұсқауларын дұрыс түсініп, орындайтынына сенімді болуы керек, Менің басты мақсатым – сіздердің дәрігерлерге бар білім-тәжірибемді көрсетіп, оларды өз беттерімен жұмыс істеуге үйрету. Қажеттілік болып жатса, мен кез келген уақытта көмек беруге дайынмын, - деген болатын шетелдік қонақ алғашқы кездесуімізде.

Стефано Джидароның екі мамандығы бар. Алғашқысы жалпы хирургия болса, екіншісі уролог-хирург. Профессор – сегіз жыл көлемінде робототехникалық жүйені жасаған компаниямен тығыз жұмыс істеп, жаңа технологияға аса қызығушылық танытқан докторлардың бірі. Соңғы екі жылда осы технологияның ауруханаларға енгізілуіне үлес қосу мақсатында Еуропа мен Еуразияның бірқатар елдерінде  тренингтер, шеберлік сыныптарын өткізіп келеді.  Роботтық хирургияға қатысты зерттеулердің сараптамасынан бастап клиникалық қолданылуына дейін тәжірибе жинақтаған ғалым.  Енді №1 қалалық аурухананың хирург мамандарына шеберлік сыныптарын өткізіп, білгендерімен бөліспек.

Бірден айта кетелік, Стефано Джидароға ассистент болған шығысқазақстандық хирургтер мен медбикелер Германия мен Италияда екі апталық білімдерін жетілдіру курстарынан өтіп келген мамандар еді.

– Мен операция залында толық  түсіністік болатынына сенімдімін. Өйткені мамандарымыз шетелде оқып келді, олар ағылшын тілін  коммуникациялар деңгейінде жеткілікті меңгерген. Сонымен қатар хирургтердің арасында тілсіз, іс-қимылмен де байланыс болады, – деген еді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

 

Алдағы уақытта гибридті операция залы жабдықталады

...Елімізде роботтың көмегімен  алғашқы хирургиялық ота 50 жастағы өскемендік науқасқа жасалды. Пациенттің өтінде тас болғандықтан, өтін алып тастауға тура келген. Операция залынан шыққан шетелдік профессор өзін қаумалаған журналистермен алғашқы әсерлерімен бөлісті.

– Мені ерекше таңғалдырған екі нәрсе болды. Мен операцияға қатысқан барлық хирургтер мен медбикелерге алғыс айтқым келеді. Өйткені мұндай оталар кезінде  әсіресе командалық жұмыс маңызды. Сонымен қатар операциялық залдардың жабдықталуы өте жоғары деңгейде екенін атап өткенім жөн болар. Осындай тамаша қолайлы жағдайлар мен  білікті мамандардың көмегімен ота сәтті аяқталды. Сіздердің дәрігерлердің дайындығына өте жоғары баға берер едім. Олар бүгін менің және роботталған жүйенің көмегімен ота жасаса, келесі жолы мен көмекші боламын, барлығын өздері жасайды, – деді Стефано Джидаро.

Мамандардың түсіндіруінше, хирург роботты қашықтықтан басқарады. Ал көмекшілері мен медбикелер манипуляторларды бірінші хирург айтқан жерге орнатады, сондай-ақ қажет болса, инструменттерді де алмастырып отырады.  Бұл жерде барлық әрекет асқан дәлдікпен орындалады, робот қысымның көтерілуіне жол бермейді екен. Соның нәтижесінде ота кезінде асқынулар болмайды, науқас тезірек сауығады.

Елімізде алғаш рет роботталған жүйенің көмегімен жасалған операциядан кейін облыс әкімі Даниал Ахметов өз пікірін жеткізді.

– Мен облыс тұрғындарының осындай жоғары технологиялы медициналық көмекке қол жеткізгеніне қуаныштымын.  Көптен айтып жүрген, үнемі кешігу теориясынан алға озу тәжірибесіне көштік. Мұнымен де тоқтамаймыз. Көп ұзамай Шығыста еліміздегі алғашқы гибридті операция залы жабдықталатын болады. Мен сіздерді алдағы үш жылда облысымыз  медицина саласындағы көшбасшы өңірге айналатынына сендіремін.   Келешекте де  шетелден білікті, тәжірибелі докторларды шақырып, өзіміздің мамандарды да Еуропаның клиникаларында оқытуды жалғастырамыз, – деп атап өтті облыс басшысы.

Роботталған хирургия жүйесі медицинаның көп саласында – жалпы хирургияда, урологиялық және гинекологиялық, таракальді ота кезінде  де қолданылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, итальяндық профессор бірнеше науқасқа гинекологиялық ота жасайды. Бұдан басқа урологиялық операциялар да қарастырылған. Профессор Стефано Джидаро әлі бір аптадай осында болғандықтан, күніне екі-үш ота жоспарланыпты.

 

Бүйректі алмастыру операциясы өтеді

Шетелдік профессорға алғашқы операцияны жасауға көмектескен хирургтердің бірі Нартай Тураханов – Семей мемлекеттік медициналық университетінің 2010 жылғы түлегі. Жас хирург өзінің біліміне нық сенімді.

– Мен – эндоскопиялық оталарды жасайтын мамандардың бірімін. Әріптестеріммен бірге Италия мен Германияда біліктілігімді жетілдіріп келдім. Германияның роботты хирургия қолданылатын клиникасында болып, тәжірибе алмастым. Миланда робототехникамен жұмыс істеудің қыр-сырын ұштай түстік. Соңғы күні Миланда операцияға қатысып, үйренгендерімізді іс жүзінде қолданудың реті келді, – деп ой бөлісті Нартай. – Бүгін профессордың бірінші көмекшісі қызметін атқардым.  Келесі оталарды біз өзіміз жасайтын боламыз.

Тағы бір жерлес хирург Ринат Мұздыбаевтың еңбек өтілі он үш жыл. Оның он жылын урология саласына арнапты. Еуропада білімдерін жетілдірген мамандардың ішінде Ринат та бар.

– Бүгінгі отаның сәтті өтуіне анестезиологтан бастап операторға дейін үлес қосты. Медбикелер Мақпал Бижаева мен Айжан Абайханқызы да – шетелде оқып келген, білікті мамандар. Алда бүйректегі тасты алу, солып қалған немесе қатерлі ісігі бар бүйректі мүлде сылып алып тастау сияқты операциялар күтіп тұр. Бұлар бүгінгі отадан әлдеқайда күрделірек. Урологиялық операцияны өзім жасаймын, ал профессор мен әріптестерім көмекшім болады, – деді хирург Ринат Мұздыбаев.

Хирургиялық ота бөлімінің меңгерушісі Сергей Белыхтың айтуынша, №1 қалалық аурухананың роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығында симуляциялық блок жұмыс істейді. Бұл жерде хирургтер симуляциялық режимде алдағы оталарға дайындықтан өте алады. Олар осындағы құрал-жабдықтардың көмегімен дағдыларын ұштап үйренеді.  Меңгерушінің сөзіне қарағанда, ота жасау барысында, робот жұмысынан ақау шыққан жағдайда дәрігер отаға тікелей араласа алады.

Биыл аталмыш орталықта тағы бір ерекше операция жасалады деп күтілуде.  Алғашқы  бүйректі алмастыру операциясы 2018 жылға жоспарланып қойған. Ол үшін орталықтың операция залы барлық қажетті жоғары технологиялы құралдармен толық жабдықталған.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

 

https://dalanews.kz/35204

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x