Рүстем ТӨЛЕУТАЕВ: «Емделуге байдың уақыты, кедейдің жағдайы жоқ»

Dalanews 16 мау. 2017 01:00 183

Рүстем Төлеутаев, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, бірінші санатты кардиохирург.

 

– Рүстем Мұхтарұлы, қазір бізде ғана емес, жалпы әлемде жүрек қан тамырлары ауруларымен ауыратындар, одан көз жұматындар саны тым көп екен. Бұның басты себебі неде? Бұл аурумен ауыратындар соңғы кезде неге көбейіп кетті?

– Шынында да, жүрек-қан тамырлары аурулары бізде ғана емес, әлемде күрделі мәселеге айналып отыр. Мұның басты себебін нақты ешкім айта алмайды. Ауруға шалдығудың әртүрлі себептері бар. Біріншіден, экология. Оның жүрекке әсері аз емес. Кейбір индустриалды қалаларда жүректің ишемиялық аурулары, өкпе аурулары, т.б. аурулардың түрлері көп болады. Зауыттардан шығатын зиянды қалдықтар ауаны бұзып, табиғатты ластайды. Нәтижесінде, адамдар жүрек талмасына ұшырап, қан қысымы көтеріледі. Инсульт, инфаркт ауруларына шалдығады.

Екіншіден, Қазақстанда кардиология, кардиохирургия саласы қарқынды дамып келеді. Ауруды дер кезінде анықтайтын диагностика тәсілдері де жақсы жолға қойылған. Қазір әр ауылда ЭКГ мен эхокардиография бар. Мамандар да көбейді, олардың біліктілігі де жоғарылап келеді. Дәрігерлер аурудың белгілерін дер кезінде анықтап, науқасты облысқа немесе ірі қалаларға жолдамамен жібереді. Мұнда нақты диагностика жасалып, аурудың түрі анықталып, дер кезінде ем-шара жасауға мүмкіндік туды.

Бізде бір операцияға Үкімет тарапынан 1 млн. 800 мың теңге бөлінеді. Ота жасайтын аппарат, қондырғылардың барлығы АҚШ, Еуропа, Ресейден әкелінген. Олардың бағасы тым қымбат. Мамандарымызды дамыған елдерге жіберіп, тіпті, шет елден мықты профессорларды осында шақыртып, мастер-класстар ұйымдастырдық.

Оның үстіне, қазір жүрек талмасымен ауыратындар жасарып барады. Бұрын бұл ауруға 60-тан асқан, 70-ке жеткендер ғана шалдығатын болса, бүгінде 20-ның үстіндегілер де дәрігерден көмек сұрайтын болды. Тіпті, жаңа туған нәрестелер де жүрек ауруымен ауырады. Бұған не дейсіз? Неге бұл ауру тым жасарып барады?

– Кейбір жүрек аурулары ревматизмге байланысты болып жатады. Егер уақытында емделмесе, ол асқынып кетеді де, жүрекке шабады. Жүректің клапандары бұзылады. Өкінішке орай, қазір инфаркт ауруы жас жігіттерде де кездесетін болды. Оған стресс, экология, артық салмақ, адамның жеген тамағы да әсер етеді. Шынында да, бұл ауру түрі қазір жасарып барады. Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды,  жұмыссыздық, ертеңгі күнге деген сенімсіздік адамдардың жүйке жүйесін шаршатады, дәрменсіздікке ұшыратып, депрессияға түсіреді. Мұндай кезде көпшілік адамдар салауатты өмір салтын қалыптастырмақ түгілі, өз денсаулығына қарауға мұршасы да болмайды. Оның үстіне, біздің халықтың менталитеті де ерекше. Біздің қазақ аурудың алдын алу үшін ешуақытта өздігінен дәрігерге барып тексерілмейді. Әсіресе, қазіргі «бай мен кедейге» бөлінген қоғамда бұл мәселе тіптен ушығып кетті. Байлардың уақыты жоқ, ал кедейлердің емделуге жағдайы жоқ.



Ал, туабітті жүрек ауруына шалдығудың ең бірінші себебі, балаға әке-шешесінің денсаулығы әсер етуі мүмкін. Ата-анасының маскүнемдігі, аурушаңдығы, қан айналысының жеткіліксіздігі балаға әсер етеді. Онымен қоса, жүкті әйел аяғы ауыр кезде қан аздық, тұмау, түрлі жұқпалы аурулармен, жыныстық қатынастар арқылы жұғатын аурулармен ауырса, құрсақтағы баланың жүрек қалқаншалары мен қақпақшалары толық дамымайды. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн.

–Елімізде кардиохирург мамандардың жағдайы қалай? Айлық-жалақыларыңыз жеткілікті ме?

–Жасыратыны жоқ, басқа мемлекеттермен салыстырғанда бізде жалақы аз төленеді. Қазақстанда дәрігерлердің айлығы мәз емес. Мәселен, мен Италияда болдым. Ондағы орталықтар заманауи аппараттармен жабдықталған, қаржыландыру мәселесі де жақсы жолға қойылған. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бізде егер бір операцияға 1 млн. 800 мың теңге бөлінсе, онда 25000-30000 евро төленеді. Мемлекет оларға тым жоғары қаражат береді. Ал, АҚШ-та бір операцияға 40000-50000 доллар бөлінеді. Әрине, оның бір бөлігі дәрігерлердің айлығына жұмсалады. Италияда резидентурадан өтіп жатқан дәрігерлердің өзі 2000 евро айлық алады. Ал, бізде арнайы маманданған дәрігерлердің өзі ондай жалақы алмайды. Шыны керек, біздегі резиденттердің өзі 50 мың теңге алады. Сондықтан, дәрігерлердің айлық-жалақысы алдағы уақытта реттеледі деген үміттемін.

– Жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін шетелдерге жіберіп тұрасыздар ма?

– Қазақстанда кардиохирургия саласы мамандарының көпшілігі – жастар. Өйткені, бұл сала соңғы он жылдың ішінде ғана жақсы дамып келеді. Біз жылына жоқ дегенде, төрт рет масстер-класстар өткізіп тұрамыз. Шет елден мамандарды шақыртып, тәжірибе алмасамыз. Жақында ғана Италиядан білікті дәрігерлерді шақырып, осында кездестік. Ресейден, Германиядан, Голландиядан да білікті дәрігерлер келіп кетті. Олар өз саласын жетік меңгерген мамандар. Егер орталықта жаңа операция енгіземіз десек, онда бізге әлемдегі ең жақсы маманды шақыртуға тура келеді. Сондай талап қойылған. Оларды шақырып, бірнеше операция жасаймыз. Бір операцияны ол өзі істейді де, қалғандарын біз жасаймыз, ол тек қарап, көмек жасап тұрады. Жаңа операциялар осылай енгізіледі. Онымен қоса, жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін оларды шет елдерге де жіберіп тұрамыз. Мәселен, мен бұған дейін Новосибирск облысында жұмыс істедім. Онда академик Е.Н. Мешалкин атындағы қанайналым патологиясы ғылыми зерттеу институты бар. Мамандарымызды сол жаққа да жібердік. Тіпті, Германияға, Голландияға барып келді. Қазір әлемдегі елдердің көпшілігі ағылшын тілін қолданады. Осы ретте біздің кардиохирургтердің 50 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Басқалары да қалыс қалмай, орталыққа тіл мамандарын шақырып, арнайы оқытып отырмыз.

– Шет елде жұмыс істегіңіз келмей ме? «Бұл жақта дәрігерлердің жалақысы аз» деп кейде кетіп қалғыңыз келетін сәттер бола ма?

– Қазақстанда мектепті бітіргеннен кейін мен Ресейге барып, жоғары оқу орнына түстім. Новосибирск мемлекеттік медициналық университетінде оқыдым. Академик Е.Н. Мешалкин атындағы қан айналым патологиясы ғылыми-зерттеу институтында резидентурадан өттім. Кейін сол институтта жұмыс істедім. Институт директоры, академик, профессор Александр Караськовпен бірге үнемі операцияларға қатысып жүрдім. Ол мені өзіне жақын тартты, тіпті, «осында қал, жұмыс істе, ғылыммен айналыс» деді. Сонда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинадым. Кейін ол жақтан көп нәрсе үйренгенімді сездім. Мұнымен тоқтап қалмай, жаңа тәсілдерді, операцияның күрделі түрлерін меңгергім келді. Сондықтан қосымша курстар іздей бастадым.

Бірақ, Ресейде біздікі секілді жастардың білімін жетілдіруге арналған «Болашақ» секілді бағдарлама жоқ. Менің бір риза болатыным, Қазақстанда кез келген жас маман өзінің білімін жетілдіргісі келсе, «Болашақ» бағдарламасына құжаттарын өткізіп, шет елде оқуына мүмкіндік жасалған. Ал, Ресейде жастар шет елге барып білімін шыңдағысы келсе, өз қалтасынан төлейді. Онда мұндай мүмкіндіктер жасалмаған. Мен Ресейде жұмыс істеп жүріп, қосымша курстарға қатысқым келді. Бірақ, интернеттен қарасам, шет елде оқу бағасы тым қымбат. Кейін Италияның Халықаралық жүрек мектебін таптым. Lucio Parenzan деген әйгілі кардиохирург жастарды тегін оқыту үшін арнайы халықаралық мектеп ашқан екен. Мен соны тауып алып, түйіндемемді (резюме) жібердім. Скайп арқылы байланысқа шықтым. Олар ағылшын тілін меңгергенімді, кардиохирургия саласы төңірегіндегі білімімді тексеріп, оқуға шақырды. Онда бір жыл тәжірибеден өттім. Көп нәрсе үйрендім. Оқуым, тамағым, жатын орным – барлығын өздері қамтамасыз етті. Онымен қоса, қосымша курспен қатар Италияның Милан қаласындағы Бикокка университетінде магистратурадан өттім. Оқып жүріп, ауруханада жұмыс істедім.

Кейін Ресейге қайтып келіп, екі жыл сонда жұмыс істеп, 2015 жылы Қазақстанға келдім. Өйткені, ата-анам, бүкіл туған-туыстарым осында. Қанша дегенмен, туған жеріңді, еліңді, ата-анаңды, жақындарыңды сағынасың. Оның үстіне, Ресейдің мектебі балаларыма «Біздің президент Путин» деп үйретті. Мен оларға «жоқ, олай емес, біздің Президент – Назарбаев» деп үнемі айтып жүрдім. Осы жағдайлар қатты әсер еткендіктен, намысым оянып, қандай жағдай болса да, балаларым қазақ болып өсуі керек деп шештім. Қалай десек те, Ресей бөлек мемлекет. Дегенмен, ол жақта нашар тұрдым деп айта алмаймын. Көршілерім де, жұмысым да жақсы болды. Бірақ, бәрібір онда өзіңді бөтен сезінесің. Сондықтан елге қайтуды жөн деп санадым. Екінші жағынан Италияда жүрген кезде де аурухана директоры мені шақырып алып, «осында қалып жұмыс істе, айлық-жалақыңды үш-төрт есеге дейін өсіремін» деп ұсыныс айтты. Онда ай сайын 2 мың евро алып жүрдім. Ал, екі жылдан кейін Италияның сертификатын алсам, жалақым 6 мың, 8 мың евроға дейін өсетін еді. Алайда, осы уақытқа дейін бір рет те Қазақстанда жұмыс жасап көрмеппін. Үйренген, білген, жиған тәжірибемді өз елімде көрсеткім келді. Халқымның денсаулығының жақсаруына аз да болса септігімді тигізгім келді. Оның үстіне, онда ешқандай ағайын-туысым жоқ. Ата-анам, жақындарымның бәрі – Қазақстанда. Осы жағынан шешім қабылдау қиын болды. Онымен қоса, 2000 жылдары Қазақстаннан кетерде өз-өзіме іштей уәде бергенмін. «Қандай жағдай болмасын, бәрін оқып, үйреніп алған соң, түбі Қазақстанға келіп жұмыс жасаймын. Еліме пайдамды тигіземін» деп кеткенмін. Сол сертімді орындадым. 2015 жылы Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының бас директоры, академик, профессор Жеткерген Арзықұлов мырза мені шақырып, бір-екі операция жасауымды сұрады. Мен келісім беріп, жасап шықтым. Ота сәтті өтті. Осыдан соң, «сен осында кел, бөлім меңгерушісі боласың» деді. Ресейге барып, құжаттарымды рәсімдеп, осында жұмыс істеуге бел байладым. Қандай жағдай болса да, өз еліңде тұрып, халқыңа пайдаңды тигізгеннен артық бақыт жоқ деп есептеймін.

– Жасыратыны жоқ, бізде футболистер, депутаттар дым бітірмесе де миллиондаған жалақы алады. Ал адам жанына араша түскендер, өлім аузында жатқандарға өмір сыйлайтын жандардың айлығы мандымды емес. Бұл әділетсіздік емес пе? Мүмкін дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, жалақыларын өсіру керек шығар? Тіпті, түрлі жеңілдіктер қарастырып, зейнет жасын азайтуға қалай қарайсыз?

– Мұндай ой менде болмапты. Өйткені, өз мамандығыма қатты берілгенмін. Тіпті, мен зейнет жасына шықсам да, осы салада еңбек ете бергім келеді.  Зейнетке ерте шыққым да келмейді. Әрине, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылса, жақсы-ақ болар еді. Бұл дәрігерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырады. Бірақ, қандай жағдай болса да, әр адам өз мамандығын өзі таңдайды. Біз осы саланы таңдағанда, бізге ешкім миллиондаған жалақы уәде еткен жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан,  Серік ЖҰМАБАЕВ

 

 

https://dalanews.kz/27766

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x