Аяздың пайдасы мен зияны

Dalanews 22 желт. 2016 12:01 424

Қоңыр күздің жылы күндерін көзден аяқ-асты бұлбұл ұшырған таяудағы аязды, аласапыран қалың қар – елдің есін әбден алды. Терістіктен келген бұл ұйтқыманың соңы қайта жылымыққа ұласты. Осындай әрі-сәрі кездерде бала мен ит құтырған секілді – небір дерттер де құтырынып шығады. Вирустық инфекциялармен қатар жүретін өзге де қауіп-қатерлер туралы әңгіме қозғауды жөн көрдік. Осы орайда Алматы қаласындағы «Аймақтық диагностикалық орталығы» аясындағы клиникалық-диагностикалық лабораториясының меңгерушісі, жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Қалимолдаева Салтанат Болатқызын сөзге тартқан едік.

 – Осы, сақылдаған сары аяз елдің барлығына жаға ма?

– Аяз, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруы бар науқастарға өте зиянды.

Суық ауа коронарлық артерияның түйілуіне әсер етеді. Миокард инфаркінен көз жұмып жатқандардың сандық үлесі, осы суық мезгілде арта түседі. Сондықтан осындай науқастар алдын ала ем-дом қабылдап, өзін күткені жөн.

Келесі бір бейнетті және метеотәуелді дерт – бронхиальдық астма. Дамыған елдердің 8% ересегі мен 15% балалар қауымы осы дертке шалдыққан. Бұнда да суық ауаның әсерінен өкпедегі ауа тарайтын бронхтар түйіліп, науқасты тұншықтырады. Мұндай тұншығуларды: аязды күндері жаттығу жасау және тұмау, грипп сияқты тыныс жолдары дерттері де қоздырады. Оның алдын алу үшін: науқас сыртқа шықпас бұрын 20-30 минут ертерек, бронх кеңітетін дәрі қабылдауы тиіс.

– Кейбір адамдар күн суытса болды берекесі қашып, тоңғақ келеді. Оның себебі неде?

– Мұны «суықтық аллергия» деп атайды. Сәл тоңа бастаса мұрны бітіп, түшкіріп, көзінен жас ағып, денесіне бөртпе-қызамық шығып, тіпті «Квинке іркілі» де пайда болады. Ұзақ уақыт суық жел өтінде қалған адам – өмірге қауіпті, анафилактикалық шокқа ұшырауы да мүмкін. «Суықтық аллергия» дегенімізді – иммундық жүйенің суыққа қарсы жасаған беталбат әрекеті деп түсінген жөн. Егер иммунологтың көмегіне дер кезінде жүгінер болса, бұл дерттен де айығуға әбден болады.

Сонымен қатар қысқы кезде ауада азот қос тотығы, автомобиль мен пештен шығатын түтіндер ұлғая түседі. Осыған байланысты суық және лас ауадан сақтандыру үшін аллергиктер мен астматиктерге арнайы термомаскалар ойлап тапты.

– Бұдан басқа да қандай бейнеттер қысты күндері торуылдайды?

– Оларды көргіңіз келсе, травмпункттерге бас сұғыңыз. Егер алда-жалда көктайғақта тайып жығыла қалсақ, еш жеріміз сынбаса «біссімілләмізді» айтып, қағынып, сілкініп жүріп кете барамыз. Осы орайда айтайын дегенім: әр жарақаттың соңында бір зардабы қалады, оны елемегендік – өкінішке ұластырады. Мысалы, шатырдан мұз сүңгісі басыңа құлады делік, азар болса мыйың шайқалды. Терең мән берсек, оның зардабы біраз жылдан соң айқындалады: көру, есту және есте сақтау қабілеттерінің төмендеуі, бастың жиі ауырып, тез шаршау сияқты көріністерімен.

Егер оқыс тайып жығылған болсаң, көгерген жерің өзі жазылып кетеді деп немқұрайлы қарамау керек. Сүйектің сынып немесе шытынауы мүмкін.  Сол ескермеудің арқасында сынған жер қисық бітіп, кейін ота жасауға душар етуі де ғажап емес. Бұндай жағдайдағы техникалық кауіпсіздік ережелері  қарапайым ғана. Табаны орнықты, таймайтын аяқ киім кию керек, өкшесінің қалыңдығы 4см. Тазаланбаған  және тайғанаққа айналған жолдан аулақ жүруге тырысқан дұрыс. Тайғаққа жолықсаң, табаныңды толық, жапсыра басып, тепе-теңдікті ұстап, абайлап жүру қажет. Жығылсаң, салмақпен құламас үшін – отыра қалуға тырыс.

Қыс уақытында шатырларға қар орнап, мұздақтар мен сүңгілер пайда болады. Күн сәл жылыса осының барлығы сырғып, аңдамаған адамның басына түсіп, ойламаған жерден бақытсыздыққа душар болып жатады. Бұндағы басты қағида – қар көшу қаупі бар шатыр тұсынан алыс жүру, қауіпті аймақты арнайы қоршаған шарбақтардан аттап өтпей, айналып өту. Кетіп бара жатып төбе жақтан бөгде дыбысты құлағыңыз шалса – тұра қашпай, шатырдың күнқағары астына қарай, қабырғаға тығылған жөн. Бір үйдің шатырынан сөгілген қардың екпіні, екінші үйге де әсер етуі мүмкін.

– Қыстың тағы бір зауалы – үсіп қалу. Ол туралы не айтасыз?

– Иә, үсу немесе үсікке шалыну сияқты проблемалар жоқ емес. Ол тек аяздың кесірінен ғана болмайды. Суық жел, төмен температура, ылғалды ауа да үсікке апарып соға алады. Әсіресе, мұрын, құлақ, бет және аяқ-қолдың саусақтары мен бақайлары тым шетен келеді. Сондай-ақ, қан айналымына кедергі келтіретін тар аяқкиімдер мен басқада киімдер үсуге ұрындырады. Жылы ғимарат ішінде қыстық аяқ киіммен ұзақ жүруге болмайды. Себебі, терлеген аяқтан аяқкиім ылғал тартып, аязды көшеге шыққанда тез тоңазытады. Үсікке жем болмау үшін ыңғайлы киім киіп, кейбір гигиеналық талаптарды да орындаған абзал. Абайсызда үсікке тап болсаңыз: ешуақытта аяғыңызды суық суға салып немесе оны қармен ысқыламаңыз.  Бұл әдіс асқындырып жіберуі мүмкін. Одан да үсіген аяқ яки қолыңызды жылы суға матырып, жарақат алған жерге жылы компресс қойыңыз. Сосын барып: жарақаттаған жеріңізді сәл қызарғанша абайлап қана ысқылап, таза дәкемен орап тастау керек.

– Тегі, қанша теріс пікір айтсақ та суықтың да бір пайдасы бар шығар?

– Адам терісінде жылыдан гөрі суықты жақсы сезетін жүйке жасушалары өте басым. Сондықтан суықтың әсері тым айқын аңғарылады. Төмен температура терідегі зат алмасу үдерісі мен қан айналымын жеделтеді, кейбір әйелдердің өңі әдеміленіп, қызара бөртіп жүруі де содан. Күннің жылылығы кімге болмасын жайлы көрінер, десек те осындай уақытта тұмауратып ауыру тым жиілеп кетеді. Тегі, тұмау мен грипп вирустары аязға шыдамай өлетіні қаперде жүргені жөн.

Денені оқыс түршіктіретін (стресс) суық су құйыну секілді әдіс – организмді шынықтырып, оның қорғаныс қабілетін арттырады. Бұндай суықпен емдеу тәсілі – криотерапия негізін қалайды. Кісіні 3-5 минутқа арнайы камераға кіргізіп, ішіндегі температураны 170° С-қа төмендетеді. Осындай қысқа мезгілді, өте қуатты түршіктіргіш арқылы иммундық жүйені шошытып оятады. Бұл әдіс Алматы шипажайларында соңғы алты жыл бойы қолданылып, тамаша нәтиже беруде.

Бұрынғы дәрігерлер салқын ауаның тыныс жолдарына жақсы әсер ететінін білгендіктен: бронхиалдық астма, туберкулез, өкпе қабынуы сияқты науқастарға таза ауада серуендеуді ем ретінде пайдаланған.

Аяз адамның жүйке тамырын жайма шуақтандырып, бақыт гормоны деп аталатын – эндофриндерді өндіре бастайды. Сондықтан қысты күндері негізсіз уайым-қайғыға салыну сияқты депрессиялық күй сирек кездеседі.

Адамды өмірге құлшындырған аязды табиғатымыздың қадірін білмей, кейбір жерлестеріміз жұмақ іздеп, Жаңа Жыл мерекесін планетаның жылы жақтарында қарсы алуды ғадетке айналдырған.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

 

Әңгімелескен Заман Төлеуов


 

 

 

.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x