Біздің түлектерге сұраныс жоғары

Dalanews 29 там. 2015 01:17 216

Сұлтан СЕЙДУМАНОВ, Республикалық медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының докторы:

 

колледж– Сұлтан Тұрарұлы, соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің білімі мен біліктілігіне сын айтатындар көбейді. Оның себебі, дәрігерлердің емдеу кезіндегі қателіктері, салғырттықтары, түрлі оқиғалардың тіркелуі болса керек. Біз мұның түпкі өзегін жекеменшік оқу орындары мен колледждердің көбеюінен бе деп ойлаймыз. Сіз басқарып отырған оқу орны Республикалық медицина колледжі болғандықтан, жұрттың сенімі жоғары.  Сіздіңше, басқа саланы айтпалық, дәл осы медицина мамандарын даярлайтын оқу орындарына талапты күшейту, жекеменшік колледждердің сапасын нығайту үшін қатаң талап қою керек пе?

– Еліміз бойынша 68 медицина колледж бар. Соның 28-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік колледж. Жекеменшік колледждің көбі Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Алматы қаласында орналасқан. Халық тығыз қоныстанған аймақтарда колледждерге сұраныс жоғары. Алматыда екі мемлекеттік медицина колледжі бар: біздің колледж және қалалық медицина колледжі. Мемлекеттік колледждердің де жағдайы әртүрлі.

Оқу орны тек қана зәулім ғимарат, парта-орындық, кітап, компьютермен өлшенбейді ғой. Ең бастысы білікті кадрлар мен бірге, колледждің материалдық-техникалық базасы, заманауи лабораториясы, әр салаға қажетті құрал-жабдықтары болғаны абзал. Мысалы, біз өзіміздің студенттерге қажетті медициналық роботтар сатып алдық. Бір роботтың бағасы 12-20 миллион аралығында. Соларды сатып алуға біздің мүмкіндігім жеткілікті. Мемлекеттен бөлінген арнайы қаржы бар. Жекеменшік колледждерде ондай қомақты қаржы бар ма? Болған күннің өзінде олар ақшаларын шығындап, қажетті медициналық құралдарды қымбат бағаға сатып ала ма? Соны ойлану керек. Медицина тек теориялық тұрғыдан оқытуға келмейтін сала. Практика керек. Әсіресе, оқу орындарының өз ішінде бастапқы практикалық сатыдан өтуге қажетті мүмкіндік болғаны жөн.

Неге жекеменшік колледждер көп? Өйткені, шағын және орта бизнеске мемлекет жағдай жасап отыр. Ол дұрыс та. Техникалық мамандықтарды дайындайтын, зауыт-фабрикаларға кадрлар қосынын әзірлейтін колледждер болса, түсіністікпен қарауға болады. Бірақ дәл осы медицина саласында қатты ойлану керек. Мұнда кемшілікке, қателікке жол беруге болмайды. Сол үшін барлық колледжге қойылар талап бірдей болмауға тиіс. Әр салаға жеке шарттар қойғаны жөн бе деп ойлаймын.

Негізі жергілікті денсаулық сақтау басқармасы қадағалауға тиіс, солардың келісімімен ғана ашылса, талай колледждің саны қысқарар еді. Өкініштісі, денсаулық сақтау басқармасы бұл іске араласа алмайды. Олар колледждер ашылғаннан кейін біледі. Себебі, жекеменшік оқу ордаларына лицензияны денсаулық сақтау басқармасы емес, Білім және ғылым министрлігі береді.

– Біздің бір байқағанымыз, жекеменшік колледждер өздеріне көп жарнама жасап, талапкерлерді өздеріне бұрып әкететін секілді. Мұндай үрдістің пайда болуына қандай жағдай себеп болып отыр?

– Көптеген колледждер білікті маман даярлаудан гөрі, ақша табуды көздейді. Олардың, біріншіден, бағасы арзан, екіншіден, талабы қатаң емес. Бізге түссеңіз, оқып жүріп жұмыс істейсіз, еркіндік бар деп өздерін жарнамалайды. Көптеген талапкерлер мен ата-аналар сондай сөздерге сенеді. Біздегі талап басқаша. Сабақтан қалмай оқымаса, үлгерімі нашар болса, оқи алмайды. Жекеменшік колледждер көбінесе ақылы оқитындықтан, оқудан шығып қалу туралы ойламайды. Студенттер бойын еркін салып, тек диплом алсам болды деп ойлайды. Бізде осы бейғам, немқұрайлы түсінікті өзгерту керек. Диплом үшін емес, білім үшін, білікті маман болу үшін оқуға дағдылану ләзім.

– Дәрігер болу үшін теориялық дәрістерден бөлек, практиканың маңызы өте зор ғой. Колледж студенттері қалалық емханаларда тәжірибеден қай курстан бастап өтеді?

– Бұрын оқыту жүйесін оқу орындарының өздері бекітетін. Негізінен, теорияға баса мән беріп келді. Соның тиімсіз тұсы диплом алған мамандар жұмыс орнына барғанда сол жердегі қызметкерлерден қайта үйренуге мәжбүр болатын. Теория мен практиканың байланысы әлсіз болып келді. Бұл медицина саласына емес, барлық оқу орындарына қатысты мәселе еді. Қазір Елбасының тапсырмасына орай, дуалды оқыту қолға алынды. Мұнда болашақ мамандар практикадан өтіп, дипломын алғанда дайын маман болып шығуы керек. Біз қалалық бірнеше емханамен өзара келісімге келіп, студенттерімізді бірінші курстан бастап емханалардан тәжірибе жинақтауға жіберіп жүрміз. Қазір бізбен өзара байланыс орнатқысы келетін емханалар көбейіп келеді. Қыркүйек айының алғашқы 15 күнінде оқып, келесі 15 күнінде емханада болады. Оларды бірден науқасқа жақындатпайды. Жалпы, емхананың құрылымын, жұмыс тәсілін, өздерінің мамандығына сай болашақта қандай қызмет атқаратынын біле бастайды. Сол жердегі мамандарға көмектесіп, іс-қағаздарын қалай дайындауға болатынын үйренеді. Бұрын практика уақыты 20 пайыздан аспайтын, қазіргі бағдарлама бойынша практикалық уақыт кем дегенде 50 пайыздан кем болмауы керек.

Бұдан сырт, бұрын студенттерді емханаларға өзіміздің ұстаздар ертіп барып, сол жерде үйрететін. Қазір керісінше, сол емхананың дәрігерлері емхана ішінде нақты практикалық өлшемдер арқылы оқытады. Осы жерде бір проблема бар. Емханадағы білікті мамандар өз саласын жетік білгенімен, олар педагог емес. Біз соларды педагогикалық білімін жетілдіруге құлшынып жүрміз.  Айталық, бір емханаға 25 студент барса, бәріне бір маман емес, әрбірін жеке маман оқытып, тәрбиелейді. Олардың уақыттары тығыз, бір студент үшін алтын уақыттарын қиып, мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Біз бәрімен жеке шарт жасасып, келісімге келіп, уақытша заңды түрде жұмысқа алып, студенттерді практикалық тұрғыдан дайындауға күш саламыз. Өкініштісі, біздің бұл салаға бөлетін қаржымыз оларды қанағаттандырмайды. Артық қаржы жұмсауға мүмкіндігіміз жеткіліксіз. Ол үшін оқу ақысын қымбаттату керек. Болашақта билік тарапынан студенттерді тәжірибеден өткізген дәрігерлерге арнайы ынталандыру қарастырылса, айлығына пайыздық үстеме қосылса, дуалды жүйенің маңызы арта түсер еді.

– Колледждің шетелдік оқу орындарымен байланысы қалай?

– Финляндия, Голландия, Қытай секілді елдермен өзара тығыз байланыстамыз. Біздің мұғалімдер сол елге барып, тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырып келеді. Әсіресе, ұстаздарға ағылшын тілін игертуге ден қойып жүрміз. Медицина саласының жаңа оқулықтары, технологиялар мен құрал-жабдықтар ағылшын тілінде болғандықтан, бұл тілді меңгермей, алға озу қиын. Студенттерге де ағылшын тілін үйренулері керек екенін түсіндіріп, үнемі ақыл-кеңес беріп отырамыз.

Біз әлемдік интеграциядан қашпауымыз керек. Ғылым мен білім ел көріп, жер көріп, білмегенді білгенде барып дамиды. Жастарға айтарым, медицина қызметкері атану қиын емес, қиыны – дәрігер деген абыройлы атаққа кір келтірмеу. Колледжден алған 3 жылдық білім өмір бойы асырайтынын ұмытпай, босқа уақыт өткізбей, үздіксіз іздену. Біздің талап күшті, тәртіп мықты болғандықтан, кейбір студенттер қиындықтан қашады. Енді бір студенттер жекеменшік колледждерге түскен соң, бізге ауыса алмай, арыз жазып жүреді. Сондықтан, бізге түскен студенттер оқу орнының қадірін білу керек. Біз мұны үнемі айтып отырамыз.

– Колледж студенттерінің жұмысқа орналасу жағдайы қалай?

– Еліміз бойынша медицина қызметкерлеріне жұмыс көп. Біз республикалық атқа ие жалғыз колледж болғандықтан, бізден бітірген студенттерге сұраныс жоғары. Бірақ мұнда да бір түйткіл бар. Республикалық колледж болғандықтан, еліміздің түкпір түкпірінен бізге түскісі келетіндердің саны көп. Олар бітіргесін, аймақтарға барып жұмыс істеуге құлық танытпайды. Бәрі Алматыда қалғысы келеді. Бәріне бірдей қалалық емханаларда жұмыс табылуы қиын. Жергілікті жерлердегі колледждерде ондай проблема жоқ шығар, өйткені олар өздеріне қажетті мамандарды даярлайды. Біз студенттерге облыс, аудан, ауылдарға барып қызмет етуді жиі айтамыз. Егер барып жатса, басқа колледждерге қарағанда біздің студентті алдымен жұмысқа қабылдайды. Егер арнайы бағдарлама әзірленіп, біздің оқу орнын бітірген жас мамандарды облыстарға шақырса, талай дайын маман өз саласы бойынша қызмет атқарар еді. Кейбір студенттер 3 жылдық оқуынан кейін Алматыда қалып, басқа салаға кетіп қап жатады. Еліміздің көптеген аймақтарында медицина қызметкерлері жетпейтінін білгендіктен, бітірге студенттеріміз өзге салаға кетпесе екен деп тілейміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Т. ӨСКЕНБАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x