Cоңғы жаңалықтар
Back

“Билік 30 жылда түк бітірген жоқ…”. Дінтанушы қоғамдағы әділетсіздік жайлы айтты

Дінтанушы Қайрат Жолдыбай қоғамдағы түрлі-түрлі келеңсіздіктің түп өзегін әуелден дұрыс құрылмаған саяси жүйеден көреді. 

Оның пікірінше Жамбыл облысының әкімі Сапарбаевтың жылдық есебінде жерге гүрс етіп құлаған герб, Шығыстағы топсасы түскен есік ілуде бір болатын кездейсоқтық емес. Мұның бәрі көзбояшылықтың, сапасыздықтың, жемқорлықтың салдары.

“Облыстың ең лауазымды тұлғаларының алдында осылай қирап жатса, басқа жақта не болып жатқанын бір Құдайдың өзі біледі. Бес баланың өлімі тағдырдың ісі дейміз. Бірақ халықты дұрыс жұмыспен қамтамасыз ету, олардың оқып-білулеріне барынша жағдай жасау, елге бағыт-бағдар беріп, жан-жақты жетілдіру, сапалы ұлт қалыптастыру мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние”, – дейді қайраткер.

Қайрат Жолдыбай елдің жағдайын жақсартып, еңсесін тіктеу үшін 30 жыл да жеткілікті еді деген пікірде. Алайда осы отыз жылда билік түк тындырмаған. Ел экономикасы көтерем күйде, шықпа жаным шықпа деп әзер отыр.

“Жалпы экономика жоқ. Жасандысының өзі құлдилап құлады. Демографиялық өсім де, ұлттық идеология да жоқ. Тіліміздің есіктен сығалаған сиқы анау. Тәуелсіз сот жүйесі болған емес”, – дейді ол.

Оның пайымдауынша саяси жүйе әуелден дұрыс жасалмаған. Жүйе бір кісіге байланған. Мемлекеттің бар байлығы тоналған. Жемқорлық бар саланы жайлаған.

“Кедей халықтың саны күн санап артуда. Қымбатшылық қысып барады. Діннің өзі саясиланып, әлдебір мекемелердің қуыршағына айналды. Ой айтып, “қой” дейтін зиялы қауым жағымпаздықпен жарысып, мадақ-марапаттың соңында жүр. Сонда отыз жылды қалай атап өтуіміз керек өзі?

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының: “зауытты, қаланы қарызданып болса да салуға болады. Бірақ қандай қоғам, нендей жүйе қалыптастырдың? Жетістік осымен өлшенуі керек” деген сөзі орынды айтылған ақиқат сөз!”, – дейді Қайрат Жолдыбай.