Cоңғы жаңалықтар
Back
| DalaNews

“Африкаға айналамыз…”. Орыстілділер қазақ ұлтшылының үндеуіне қарсы шықты

Бұдан бұрын қоғам қайраткері Арман Қани елімізде қазақ тілін меңгеруді міндеттейтін кез келгенін, қазақша сөйлей алмайтындарға айыппұл салу керегін айтып Үкіметке үн қатқан деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қанидің пікірінше Қазақстанда мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін меңгермеген азаматтардың саны жүз мыңдап емес, миллиондап саналады. Қазақшаға шорқақ шенеуніктер Үкімет пен Парламентте ғана ауылдық кеңестер мен ауыл әкімдіктерінің кеңселеріне дейін отыр. 

“Қазақша қойылған сауалдың мағынасын түсінбейтін министрлер мен мемлекеттік тілдегі төрт сөйлемнен тұратын ант мәтінін оқи алмайтын мәжіліс депутаттары біздің елде ғана бар”, – дейді осы орайда Арман Қани. Ал жеке меншік компанияларда істейтін мамандар қазақ тілін тіпті керек қылмайды. 

Қоғам қайраткерінің айтуынша мұндайларды мәжбүрлеп оқытудан өзге жол жоқ. Алайда қазақ тілін мақсатты түрде үйрету туралы талап заңнамада және бағдарламаларда қарастырылмаған.

Арман Қани осы ретте қазақ тілін үйретудің 5 әдісін ұсынған және осының негізінде мемлекеттің тілдің мәселесін түпкілікті шешуге болатынын айтқан.  

Қазақ тілін үйретудің 5 әдісі:

  1. Қазақша қақпайтын министрлер мен Парламент депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі шенеуніктер мен халық қалаулыларына Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген аталы сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу;
  2. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерге, жеке меншік нысандар иелеріне, кәсіпкерлерге қазақ тілін үйренгенінше ай сайын ірі мөлшерде айыппұл салып отыру. Нәтиже шықпаса қызметінен босату;
  3. Мемлекеттік тіл салтанат құрмаған мемлекеттік және жекеменшік мекемелерді, ұйымдарды (Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламенттен бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету нысандары, жекеменшік сауда орындары, т.б.) тарқату, жұмысын тоқтату, тек қазақ тілін меңгерген, сонымен қатар, қажеттілігіне қарай орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алатын кадрлармен жасақтап қайта құру;
  4. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерді, жеке меншік нысандар иелерін, кәсіпкерлерді Қазақстан азаматтығынан айырып, Ресей Федерациясына көшіріп жіберу;
  5. Мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту лагерьлерін ашып, қазақша қақпайтын шенеуніктерді, кәсіпкерлерді белгілі бір мерзімге қамау, тек қазақ тілінен емтихан тапсыра алғандарын ғана еркіндікке шығару.

Қазақ тілін мәжбүрлеп үйретудің осындай бес әдісі ғана ойыма келіп тұрғаны – дейді Арман Қани. 

Қани бұдан өзге де радикалды идеялар ұсынған екен. Мәселен, оның пікірінше мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың аты-жөнін, қызмет орнын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жария етіп, масқаралау қажет, тіпті ар-ожданын қорлау әдісі қолдансақ та артық етпейді. 

Қоғам қайраткерінің бұл ұсынысына орыстілді аудитория өре түрегелді.

“Қазақ ұлтшылдары қашан көрсең бүйректен сирек шығарып жүргені. Бүйтіп тіл мәселесін шешеміз деп ойламаңыздар. Бұл манифест тұрақтылықты шайқалтып, елдің іргесін ірітіп тынады”, – дейді олар. 

Айталық, журналист Валихан Дамиршин бұл бастамаға қарсы. 

“Үндеудің өне-бойы ұлтшылдық идеологиясына тұнып тұр. Бұл идея жүзеге асса салдары қандай боларын автор тіпті пайымдағысы да келмейді. Көр де тұрыңыз, ертең осы дүние мемдеңгейде іске асырылса, алдымен шағын-орта бизнес жапа шегеді! Тіл-тіл деп тақылдаған ұлтшылдардың тепкісіне төзбей елден кетуге мәжбүр болады. Сондықтан мұндайға бармас бұрын он ойланып, жүз толғанған жөн”, – дейді ол. 

Оның атап өткеніндей Арман Қанидің тілді мәжбүрлеп үйрету туралы талабы Қазақстанның көзқарасы мен құндылығына қайшы. Автор осы арада Тұңғыш президент пен Тоқаевты мысалға келтіріп, мұндайға барар болса биліктің әлемдік қауымдастықтың алдында абыройдан жұрдай боларын айтыпты. 

Іргедегі Қытайды да тілге тиек етіп, қазақтар мен ұйғырларға қысым көрсетіп жатқан Бейжіңнің халықаралық қауымдастық тарапынан сойқан санкция ұшырағанын ескертіпті. 

“Қани мырза, бет албаты шатып-бұтқаныңыз жетер. Қоғамның санасын улап, адамды адамға айдап салғанды доғарыңыз. Жараның бетін тырнап жазбайды. Осы есіңізде болсын. Қазақстанда концлагерьге айналдыру туралы ойыңыздан айныңыз. Әлі-ақ опық жейсіз. Мұндай арандатудың салдарынан ертеңгі күні Қазақстан Қара құрлықтағы қайыршы елдердің деңгейіне түседі”, – деп ескертіпті Валихан Дамиршин.  

Мемтілді үйренгісі жоқ аудиторияға үн қатқан қоғам қайраткеріне қарсы тарап осылайша жауап қатыпты.

Мұны бір ғана адам емес, тұтас орыстілді ортаның ой-пікірі деп қабылдауға болатындай. Тіл үйренуде қандай да бір қысастыққа қарсы,  радикалды шараларды сөз еткенге шамданып қалатын аудитория Арман Қаниді сотқа сүйрейтін түрі бар. 

Сөй деген Валихан Дамиршин Арман Қаниді Қазақстанның мемлекеттің саясаты мен стратегиясына қарсы шықты деп есептейді. Сол үшін оны ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа берудің жөні бар.

“Бұл идея у! Автордың елдегі қос тілді аудиторияны шағылыстырудан өзге білері жоқ. Осы арқылы тіл мәселесіне келгенде біреудің басын жарып, көзін шығаруды көздемейтін мемлекеттің ұстанымына қарсы келіп отыр. Қаниді Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа сүйреуге болар еді. Бес жылға айдалып кете барса, осындай ойда жүрген өзгелерді де сабасына түсірер еді…”, –  дейді Дамиршин. 

Тоқ етерін айтқанда, билік қазақ тілін меңгеруді мәжбүрлер болса Қазақстан құзға құлайды. Даму жолына түскен мемлекеттен құрдымға бастайтын қиралаң-бұралаңға түседі. Ертеңге деген үміті семіп, Африкадағы келешегінен күдер үзген елдердің қосынына қосылады. Деградацияға ұшырайды. Қолынан іс келетіндер тентіреп кетеді, бизнес бөгде елде ауады. Елді жаппай жұмыссыздық жайлайды. Ең соңында шаңырағы ойрандалып, жан сақтай алмайтын деңгейге жетеді. Осының бәрі мемтілді меңгеруді мәжбүрлеген жағдайда ғана “жүзеге асатын” сценарий. Дамиршин сөй дейді. 

Орыстілді аудиторияның атынан сөз алған автор Арман Қанидің әлгіндей жазбасы үшін жауапқа тартылмағанына аң-таң.  

“Әрине, Елбасы да, Президент те әлгіндей қадамға бармайды. Бұл анық жайт! Үй сыртында АҚШ, Батыс елдері мен солтүстіктегі ата көршіміз тұр…

Соны біле тұра, неге олай жаздың? – деп сұрарсыз. Жауап берейін. Мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайын оңалту жөніндегі мәселе айтыла-айтыла әбден жауыр болды! Бұл тақырыптың жұртшылықты ығыр қылғаны соншалық, ешкім тыңдамайды. Билікке құлақ түргізіп, қоғамдық сананы селт еткізу үшін радикалды ұсыныстар айтуың керек екен. Басқа амал жоқ. Мен соны түсіндім. Мақсатыма жеткендеймін”, – дейді өз кезегінде Арман Қани. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

Тағы оқыңыз: 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметінен кетті