Back
| DalaNews

Боқаевтың бостандыққа шығатын күні белгілі болды

Макс Боқаев 2021 жылдың 4 ақпанында бостандыққа шығады. Азаматтық белсенді жазасын өтеп жатқан түзету колониясының басшылығы “Уральская неделя” басылымының сауалына сөй деп жауап берген. 

Боқаевтың өзі колония басшылығынан бұл ақпаратты ресми хат негізінде растауды талап етіп отыр деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бостандыққа шығатын мерзімімді айтты. 4 ақпанға белгілеген екен. Әзір бұл сөз жүзіндегі әңгіме. Ресми түрде растауды талап еттім. 19 қаңтарда сот өтеді, сол кезде еркіндік алғаннан кейінгі мені бақылаудың талап-шарты бекітілуі қажет. Екі жыл бұрын Қылмыстық кодекске лаңкестік бабы бойынша сотталғандарды бақылау туралы өзгеріс енген. Тура жолға түсті ме, жоқ па соған көңіл бөледі. Оларға өзімнің “түзелмесімді” әуелден ескерткенмін”, – дейді Макс Боқаев.

Айтуынша желтоқсан айында колония басшылығы оған қысым көрсетпек болған.

“15 желтоқсанда журналистпен жүздеспек едім. Алайда соңғы сәтте бұл кездесуге тыйым салды. 16 желтоқсанда туыс-туғанмен телефон арқылы тілдеспек едім. Маған тиесілі 15 минутты кесіп тастады.  Ел-жұртты алаңға шығуға үгіттейді деп үрейленсе керек”, – дейді Боқаев.

Айта кетейік, Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылы шетелдіктерге жер сатуға қарсы шыққан Атыраудағы митингіден кейін қамауға алынып, 5 жылға сотталған. Митингіге арнайы келген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев наразылыққа жетекшілік еткендер жауапқа тартылмайтынын айтқан-тын. Соған қарамай Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынған. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары бұл істі саяси қудалау деп санайды.

Билік Боқаевты кінәсін мойындаған жағдайда мерзімінен бұрын босатуға әзір екенін бірнеше рет мәлімдеген. Азаматтық белсенді өзін кінәлі санамайтынын және ешқашан мұндай қадамға бармасын айтқан.

Тағы оқыңыз:

Зейнетақы қоры сіз бен біздің жинағымызды АТФ банкке аударып жіберді – сарапшы