"Динамо" - даңқты спортшылар ордасы

Dalanews 09 нау. 2015 23:05 169

Қазақтың спорт әлеміндегі жетістіктерін саралайтын болсаңыз, ауызға алдымен «Динамо» спорт қоғамы ілігеді. 90 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырған бірегей ұжымға еліміздегі белгілі спортшылардың басым бөлігі мүше. Тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында, қысқы және жазғы Универсиада ойындарында еліміз құрамасы алған медальдар негізінен динамошыларға тиесілі. «Динамо» дене шынықтыру – спорт қоғамы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұловпен арнайы жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

[caption id="attachment_9635" align="alignright" width="254"]Динамо Асқар Омарқұлов[/caption]

– Асқар Әлірахымұлы, әуелгі әңгімемізді «Динамо» дене шынықтыру – спорт қоғамының 90 жылдық тарихтағы жетістіктерінен бастасаңыз.

– «Динамо» дене шынықтыру-спорт коғамының тарихы ХХ ғасырдың басынан – қазақ даласына кәсіби спорттың енген кезінен басталады. Содан бері 90 жыл уақыт өтіпті. Бір ғасырға жуық тарихы бар спорт қоғамының дәуірлеген шағы да, қиын кезеңі де болды. Алғаш жұмысшылардың ұсынысы бойынша, «Динамо» атауы беріледі. Бірақ ол кезде ешқандай базалық, қаржылық, тәжірибелік мүмкіндігі жоқ болатын. Соған қарамастан, аздаған жылдың ішінде өзіндік бағыт-бағдарын анықтап, спорт және дене тәрбиесі саласындағы өзіндік жолын таба білді. 1925 жылдары Қазақстанда алғашқы динамолық ұяшықтар құрыла бастады. Бұл ұйымдар Петропавл, Шымкент, Семей, Ақмола, Қызылорда, Орал қалаларында пайда болды. Өзіңіз көріп отырған Алматы қаласындағы мына стадион халықтың күшімен, қажырлы еңбегімен 1931 жылы ашылған. Одан кейін еліміздің әр өңірінен «Динамоның» филиалдары бой көтерді. 1961 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі қалпы жасалынды. Содан бері халықтың игілігіне жұмыс істеп келеді. Мұнда тек кәсіби спортшылар ғана келмейді, спорт жанкүйерлері, қала халқы және болашақ иелері жастарымыз осында келіп, түрлі ойындар, жаттығулар өткізіп тұрады.

 – Қиын кездерді де бастан өткерді деп қалдыңыз. Осы жағын нақты айта кетесіз бе?

– Әуелі, осы кешеннің айрықша бір тарихын айта кетейін. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қазақстандық сарбаздарды халқымыздың әйгілі жырауы Жамбыл Жабаев осы стадионда рухты жырымен тербеп, бата беріп шығарып салған. Ақынның стадион толы сарбаздарға арнаған жыры ұмытылмас тарих десек болады. Соғыс кезінде спорт қоғамы ауыр кезеңді бастан кешті. Бірақ, жұмысын тоқтатпады. Динамошылар ауыл, село және қала тұрғындары арасында дәнекер бола білді, сонымен бірге оларды спорттық тауарлармен қамтамасыз етіп отырды. Республика бойынша спартакиадалар, жарыстар өткізуге мұрындық болып, саңлақ спортшыларды баулыды.

ДИНАМО 13 беткеБұдан кейінгі қиын сәттер Тәуелсіздік жылдарында қайталанды. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасы өмірінде өтпелі кезең басталған болатын. Осы кезеңде динамолықтардың барлық құрылымы үлкен сынақтан өтті. Қоғамның жетекшілері орталықта және барлық жергілікті өңірлерде ұйымның өмір сүруін сақтап қалуға қажетті барлық шараларды қабылдап, дағдарысқа қарсы жұмыстарды жүргізді. 1991 жылы 26 қазанда «Динамо» дене шынықтыру - спорт қоғамының республикалық ұйымы аясында құрылтайшылар конференциясы өткізіліп, оның жаңа Жарғысы қабылданды.

Күрделі экономикалық ахуалда қалғанына қарамастан, «Динамо» спорт қоғамы құқық қорғау органдарының жеке құрамдарын дене тәрбиесі даярлығынан өткізу, дене тәрбиесі ұжымдарындағы қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамыту, қызметкерлер денсаулығын нығайту ісіндегі қалыпты нәтижелерге қол жеткізу бойынша атқарылатын жұмыстарын жалғастыруда.

– «Динамо» қазіргі уақытта халыққа нақты қандай қызмет көрсетіп келеді?

– «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының қазіргі басты бағыты – ішкі істер, құқық қорғау органдары, кеден және ішкі әскер қызметкерлерінің дене шынықтыру және арнайы дайындықтарын дамыту, сонымен қатар, бұқаралық спортты, балалар спортын қолға алып, жетілдіруге жәрдемдесу. Қазіргі таңда бұл спорт қоғамы еліміздің 18 аймағында өз қызметін атқаруда және оның құрамында 100 мыңға жуық адам бар.

– Аймақтағы бөлімшелердің жағдайы қалай? 

– Жоғарыда айтып өткенімдей, тоқырау кезеңінде спорт қоғамын сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Әсіресе, аймақтардағы бөлімшелердің спорттық кешендері, стадиондар спорт басқармаларының құрамына өтіп кетті. Солардың кейбірін соттасып жүріп, кері қайтарып алдық. Әлі де бізге өтпеген кешендер жетерлік. Жекешелендірудің кезекті толқыны барысында сол кешендер жекеменшіктің қолына өтіп кете ме деген қауіп те бар. «Динамо» қоғамдық ұйым болғандықтан, мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алмайды. Спорт қоғамы Ішкі істер министрлігіне қарағандықтан, талай сынақтан аман өттік. Министрліктің бізге жасаған көмегі ұшан-теңіз. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мырза спорт қоғамының дамуына орасан зор еңбек етіп, бізге қолдан келген жақсылығын аямауда. Былтырдан бері стадион мен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Сәуірдің аяғында толықтай аяқталады деп отырмыз.

Біз мына стадионның арқасында күн көріп отырмыз. Осы стадионды жалға беріп, содан түскен қаржымен қызметкерлердің жалақысын төлейміз. Кезінде малту көлшігі, машық залдары бар еді, қазір ол да жоқ. Әйткенмен, барымызды салып, ұлттық спорттың дамуына орасан зор ықпал жасап келеміз. Біздің жалға беру құнымыз халық үшін тиімді. Динамошылардың Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында, қысқы және жазғы спартакиадаларда жеткен жетістіктері сөзімізге дәлел.

– Мысалы, қандай нәтижелерді айтар едіңіз?

- Егемендік алған жылдардан бастап динамолық спортшылар халықаралық додаларда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Тек қана Олимпиадалық ойындардың өзінде 46 медальді динамошылар алды. Оның 13-і алтын, 15 күміс және 18-сі қола. Ең соңғы олимпиадалық медальді Денис Тен Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында сыйлады. Денистің қола медалі біздің ел үшін айрықша жетістік деуге болады. Қытайда өткен Олимпиада да алған 13 медальдің 11-і бізге тиесілі. Лондонда 5 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, динамошылар нағыз майталман спортшылар екенін дәлелдеді. Биыл өткен Қысқы универсаданың 1 алтынынан басқасының бәрі біздің саңлақтардың еншісінде. Қысқаша қайырғанда, халықаралық жарыстардағы медальдардың 70 пайызын динамошылар елге тарту етті. Мұндай жарыстардың ел рухын серпілтетінін еске алсақ, «Динамо» спорт қоғамының халық үшін аянбай еңбек етіп жүргенін білуге болады.

– «Динамоның» 90 жылдық мерекесін қалай атап өтуді жоспарлап отырсыздар?

– Осыдан 5 жыл бұрын Алматыда «Динамоның» 85 жылдығын өткіздік. Оған 12 елден спортшылар, бұрынғы динамошылар, халықаралық бапкерлер мен қонақтар қатысты. Биыл 17 елден келеді деп отырмыз. Бұл мерейтойды елішілік шара қылмай, халықаралық деңгейде өткізуге күш салудамыз. Халықаралық ұйымдастыру кеңесі құрылып, спорт қоғамының жұмысымен танысады, арнайы конференция өтеді. 85 жылдығында Ресейдің Ішкі істер министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігі боксшыларының жолдастық кездесуі Ресейде өтіп, біз жеңіске жеткенбіз. Осы жолы сол жарыс Алматыда өтеді. Одан бөлек, «Динамоның» тарихына елеулі үлес қосқан спорт қайраткерлерін, Олимпиада жүлдегерлерін, басшылық қызмет атқарған ардагерлеріміздің басын қосып, сый-сияпат жасамақ ойымыз бар. Бұдан да өзге жоспарларымыз жоқ емес.

– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен Т. ӨСКЕНБАЙ.


 

Ұсынылған
Қыңыр әйелдер 
Қыңыр әйелдер  09 нау. 2015 22:47
Ел тілегі
Ел тілегі 09 нау. 2015 23:13
Соңғы жаңалықтар
x